Forbes Kazakhstan 2026 жылғы Қазақстандағы ең дәулетті 75 кәсіпкердің жаңартылған рейтингін жариялады. Биылғы тізім елдегі ірі капитал құрылымының өзгеріп жатқанын анық көрсетті. Егер бұған дейін байлықтың негізгі бөлігі мұнай, металлургия және банктердің айналасында шоғырланса, қазір финтех, құрылыс, автонарық, логистика, цифрлық сервистер мен инфрақұрылымдық жобалар алдыңғы қатарға шығып келеді, деп жазады Ozgeris.info.
Әлемдік капитал нарығы да биыл рекордтық өсім көрсетті. Forbes мәліметінше, жаһандық миллиардерлер саны 3428 адамға жеткен. Бұл былтырғыдан 400 адамға көп. Олардың жиынтық дәулеті 20 трлн доллардан асты. Бір жыл ішінде әлемде күн сайын кемінде бір жаңа миллиардер пайда болып отырған. Қазақстандағы 75 бай кәсіпкердің жиынтық капиталы да өскен. Биыл олардың ортақ байлығы 60,84 млрд долларға жетсе, былтыр бұл көрсеткіш 57,5 млрд доллар болған. Орташа капитал көлемі 767 млн доллардан 811 млн долларға дейін ұлғайған.
Вячеслав Ким: Kaspi экожүйесі арқылы байлығын еселеген кәсіпкер
Вячеслав Ким үшінші жыл қатарынан Қазақстандағы ең бай кәсіпкер атанып отыр. Оның дәулеті бір жылда 700 млн долларға өсіп, 7,8 млрд долларға жетті. Кәсіпкердің негізгі активі – Kaspi.kz компаниясындағы 20,75 пайыз үлесі. Nasdaq биржасында саудаланатын компания депозитарлық қолхаттарының құны құбылып тұрғанымен, жалпы нарықтық капитализациясы 15,2 млрд доллардан асты.
2025 жылы Kaspi.kz-тің түсімі 60 пайызға өсіп, 4,046 трлн теңгеге жетті. Компанияның халықаралық нарықтағы үлесі де артып келеді. Қазір табыстың шамамен төрттен бірі Түркиядағы Hepsiburada платформасы арқылы түсіп отыр.
Компанияның таза пайдасы 1,067 трлн теңгені құрады. Сонымен қатар Kaspi Түркиядағы Rabobank A.Ş. банкін сатып алу бойынша реттеуші органдардың шешімін күтіп отыр. Вячеслав Ким қаржы секторындағы ықпалын да күшейтті. 2025 жылы ол Ғалымжан Есеновтен First Heartland Securities компаниясын сатып алды. Кейін компания атауы United Group Alatau болып өзгертілді. Қазір осы құрылым Alatau City Bank-ті толық бақылауына алған.
Сонымен қатар кәсіпкер Kcell акцияларымен байланысты ірі мәмілелерге қатысып, KC Holding Ltd құрылымын толық иеленді. Кейін бұл актив Нұрлан Артықбаевқа өтті.

Владимир Ким: «Қазақмыстан» кейінгі жаңа стратегия
Владимир Ким рейтингтің екінші орнына көтерілді. Оның байлығы 5,9 млрд долларға бағаланып отыр. Негізгі активі – KAZ Minerals тобы. Компания 2024 жылдың қорытындысы бойынша 1,49 млрд доллар таза пайда тапқан. Биылғы басты экономикалық оқиғалардың бірі – «Қазақмыс» корпорациясының Нұрлан Артықбаевтың бақылауына өтуі болды. Бұған дейін бұл актив Владимир Ким мен Эдуард Оғайға тиесілі еді.
Қазір кәсіпкер Kazakhmys Copper арқылы энергетика мен сақтандыру секторындағы активтерін күшейтіп жатыр. Сондай-ақ оның RBK Банкіндегі үлесі 84,81 пайызға жеткен.

Тимур мен Динара Құлыбаевтар: қаржыдан медицинаға дейін
Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева әрқайсысы 5,4 млрд доллар дәулетпен рейтингтің үшінші сатысында тұр. Олардың негізгі активі – Halyk Bank. Қазақстандағы ең ірі қаржы институты саналатын банктің таза пайдасы бір жылда 15 пайызға өсіп, 1,06 трлн теңгеге жетті.
Құлыбаевтардың бизнесі тек банк секторымен шектелмейді. Олар мұнай өндірісі, бөлшек сауда, медицина және коммерциялық жылжымайтын мүлік салаларында да белсенді жұмыс істейді. Олардың активтері қатарында «Каспий нефть», Viled, Emdeu және Mercury Properties компаниялары бар.
Динара Құлыбаева NNEF қоры арқылы білім беру саласына инвестиция салып келеді. Қор бірнеше мектеп пен университет жобасын қаржыландырады.

Болат Өтемұратов: алтын бағасының өсуінен ұтқан кәсіпкер
Болат Өтемұратов биылғы рейтингтегі ең үлкен өсім көрсеткен кәсіпкерлердің бірі болды. Оның дәулеті бір жылда 1,7 млрд долларға артып, 5,4 млрд долларға жетті. Бұған алтын бағасының көтерілуі және бірқатар активтердің тиімді сатылуы әсер еткен. Өтемұратов RG Gold алтын өндіру компаниясын қытайлық инвесторларға 1,2 млрд долларға сатты. Сонымен қатар Қырғызстандағы «Билайн» операторы мемлекетке өткізілді. Қазір кәсіпкер ForteBank-ті дамытуға және Home Credit Bank-ті сатып алу арқылы қаржы секторындағы ықпалын күшейтуге басымдық беріп отыр.

Тимур Турлов: қаржыдан lifestyle экожүйеге дейін
Тимур Турлов 5,2 млрд доллар байлықпен алтыншы орында тұр. Оның Freedom Holding компаниясы әлемнің 21 елінде жұмыс істейді. Турлов тек қаржы секторымен шектелмей, lifestyle бағыттарын да дамытып келеді. Қазіргі таңда оның құрылымдары билет сату, азық-түлік жеткізу, онлайн супермаркет және цифрлық сервистер нарығына кіріп үлгерген. Жақында кәсіпкер Түркиядағы Turkish Bank үлесін сатып алу жөнінде келісім жасады.

Ибрагимовтар әулеті: ERG мұрасы
Ибрагимовтар әулеті 1,67 млрд доллар байлықпен жетінші орында тұр. Олар ERG тобының және Евразиялық банктің негізгі акционерлері саналады. Әулет Қазақстанның тау-кен және металлургия секторындағы ең ірі активтердің бір бөлігін бақылап отыр.
Нұрлан Смағұлов: автоөндіріс арқылы Forbes миллиардеріне айналды
Нұрлан Смағұлов биыл алғаш рет Forbes-тің жаһандық миллиардерлер тізіміне енді. Оның байлығы 1,3 млрд долларға жетіп, әлемдік рейтингте 2858-орынға тұрақтады. Смағұловтың негізгі активтері – Astana Motors, MEGA сауда ойын-сауық орталықтары және Mycar платформасы.
Кәсіпкер Алматыда жаңа автозауыттар ашып, Қазақстандағы автоөндіріс саласының көшбасшыларының біріне айналды. Сонымен қатар ол қытайлық автобрендтерді Еуропа нарығына шығаруға күш салып жатыр.
Айдын Рахымбаев: халықаралық құрылыс нарығын игерген кәсіпкер
Айдын Рахымбаев 1,1 млрд доллар байлықпен тоғызыншы орында тұр. Ол да биыл алғаш рет Forbes-тің жаһандық миллиардерлер тізіміне енді. BI Group Қазақстаннан бөлек АҚШ, Өзбекстан, Әзербайжан және Дубай нарығында жұмыс істеп келеді. Forbes-ке берген сұхбатында Айдын Рахымбаев компанияның халықаралық экспансияға және бизнесті әртараптандыруға неге басымдық бергенін түсіндірген. Сонымен қатар кәсіпкер қайырымдылық жобаларына көңіл бөліп, The Giving Pledge бастамасына қосылуға ниетті екенін айтқан.
Сәрсеновтер отбасы: халыққа жақын бизнес
Сәрсеновтер әулеті 972 млн доллар байлықпен үздік ондықты түйіндеді. Олардың активтері қатарында Нұрбанк, Helios жанармай бекеттері, «Виктория» сақтандыру компаниясы және «Ақсай» нан комбинаты бар.
Рейтингтегі жаңа есімдер
Биылғы рейтингке бірнеше жаңа кәсіпкер енді. 35 жастағы Шахмұрат Мұталип тізімдегі ең жас қатысушы атанды. Оның компаниясы жол, теміржол және логистикалық инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырады. Сонымен қатар ол «Алтыналмас» компаниясын сатып алу арқылы алтын өндіру секторына кіріп жатыр.
Владимир Сытник авиация саласындағы активтері арқылы рейтингке қосылды. Оның құрылымдары өңірлік тасымал мен әуежай басқаруына қатысады. Айғазы Құсайынов білім беру мен шикізат секторындағы жобаларымен танылды. Оның құрылымдары ҚазБСҚА, Қазақстан-Америка университеті және Charterhouse Almaty мектебін біріктіреді. Бекжан Мамыт мұнай өңдеу және логистика секторындағы активтерімен рейтингке енді. Юрий Цхай құрылыс және девелопмент бағыттарын дамытып келеді. Оның негізгі жобаларының бірі – Алатау қаласындағы Iconic Towers тұрғын үй кешені. Бахтияр Оспанов агросектордағы ірі кәсіпкерлердің бірі ретінде тізімге қосылды. Оның агрохолдингінің жер банкі 900 мың гектардан асады.
Капитал қайта бөлініп жатыр?
Forbes Kazakhstan сарапшыларының айтуынша, қазіргі кезең Қазақстандағы капиталдың қайта бөлінуімен ерекшеленіп отыр. «Қазақмыс» корпорациясының жаңа иеге өтуі, «Транстелеком» активтерінің ауысуы, алтын өндіру секторындағы мәмілелер – осының бәрі алдағы жылдары ірі бизнес құрылымдары өзгеруі мүмкін екенін көрсетеді.
Сарапшылар қазақстандық капитал енді тек шикізатпен шектелмей, халықаралық нарыққа, цифрлық сервиске, инфрақұрылым мен технологияға көбірек бет бұра бастағанын айтады.