Қазақстанда Назарбаев Университеті секілді айрықша мәртебеге ие жаңа білім ордаларының ашылу мүмкіндігі талқыланды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл бағытта халықаралық тәжірибе сараланып, жоғары оқу орындарының дербестігін арттыру жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Қазірдің өзінде еліміздегі университеттер оқу бағдарламаларын өз бетінше әзірлеуге, талапкерлерді қабылдау ережелерін бекітуге және қызметкерлердің еңбекақы жүйесін реттеуге құқылы деп хабарлайды ozgeris.info сайты Zanamiviehali телеграмына сілтеп.
Дегенмен барлық оқу орнына бірдей толық еркіндік беруге әлі ерте. Бұған көптеген білім мекемелерінің мемлекеттік қаржыландыруға қатты иек артуы себеп болып отыр. Билік өкілдерінің пайымынша, дербестікке қадам басу үшін алдымен қаржылық тәуелсіздік мәселесі шешілуі тиіс.
Оқу орындарының әлеуетін анықтау мақсатында 2026 жылы арнайы ұлттық рейтинг іске қосылмақ. Бұл жүйе білім сапасын, ғылыми жетістіктерді, халықаралық байланыстарды және басқару тиімділігін таразылайды. Осы сында оқ бойы озық шыққан университеттерге Назарбаев Университетінің үлгісімен кеңейтілген автономия берілуі мүмкін.