Астана қалалық Қаржылық мониторинг агенттігі мен Бас көлік прокуратурасы бірлесіп, ел аумағына экологиялық талапқа сай келмейтін техникаларды заңсыз кіргізу дерегін әшкереледі. Тергеу барысында бір топ адамның өз бақылауындағы серіктестіктер арқылы Қытай Халық Республикасынан FAW маркалы жүк көліктерін жаппай тасымалдағаны белгілі болды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қазақстанда қолданыстағы заңнама бойынша "Евро-4" стандартынан төмен техниканы елге әкелуге тыйым салынған. Алайда күдіктілер сыртқы экономикалық келісімшарттарды пайдаланып, кедендік рәсімдеу кезінде жалған мәліметтерді ұсынған. Олар көліктің қауіпсіздік сертификаттарын қолдан жасап, "Евро-2" деңгейіндегі ескі техниканы қағаз жүзінде "Евро-5" деп әдейі өзгерткен.
Осы айла-шарғының нәтижесінде елімізге 20 арнайы техника заңсыз жеткізілді. Олардың жалпы кедендік құны 284 миллион теңгеден асады. Кейін бұл көліктер бірнеше компания арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу конкурстары шеңберінде 600 миллион теңгеден астам сомаға өткізілген.
Мұндай заңсыз әрекеттің қоршаған ортаға тигізер зардабы орасан. Стандартқа сай емес техника ауаға рұқсат етілгеннен әлдеқайда көп зиянды заттар бөліп, халықтың денсаулығына қауіп төндіреді.
Қазіргі таңда сот шешімімен күдіктілердің 9 автокөлігі мен пәтері бұғатталды. Қылмыстық топтың бір мүшесі қамауға алынса, оның екі сыбайласы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Тергеу мүддесіне сай өзге ақпарат жариялауға жатпайды.