Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда коммуналдық тарифтердің кезең-кезеңімен өсуінен кейін көтерме тауарлық газ бағасының да қымбаттайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Үкіметтегі брифингте Жұманғарин бұл шешім Энергетикалық кеңес деңгейінде қабылданғанын алға тартты. Айтуынша, 1 шілдеден бастап газдың көтерме бағасы 33%-ға арттыру көзделген.
"Біз қазір Астанаға толық тариф енгіздік. Яғни жылу тарифін орта есеппен шамамен 15%-ға, ал сумен жабдықтау мен су бұру тарифтерін 20-29%-ға көтердік. Осындай шарттарды Ұлытау мен Ақмола облысына, кейін Алматыға да бердік. Басқа өңірлерге де біртіндеп енгіземіз. Бәрі бір уақытта болмауы үшін осылай жасап отырмыз. Жалпы, қазіргі жағдайда осылай қалдырсақ, инфляцияға әсері 0,3%-дан аспайды.
Сонымен қатар, біз газдың көтерме бағасын да өсіруді жоспарлап отырмыз. Себебі қазіргі таңда расталған газ қоры бойынша жағдайымыз аса жақсы емес. Мұндай көтерме бағалар кезінде жекеменшік компаниялар газ өндіруге қызықпайды, өйткені бұл оларға тиімсіз. Энергетикалық кеңестің шешімі бар. Шілде айында, нақтырақ айтқанда 1 шілдеден бастап, газ бағасын 33%-ға көтеруіміз керек. Бұл инфляция деңгейін шамамен 0,16%-ға арттырады. Яғни айтарлықтай үлкен әсер етпейді", – деді Жұманғарин.
Үкімет мұндай "шахмат тәртібімен" тариф көтеру тәсілін жүктемені біркелкі бөлу мақсатымен түсіндіреді. Яғни тарифтер бүкіл ел бойынша бір мезетте емес, кезең-кезеңімен өсіріледі. Жұманғариннің айтуынша, газдың көтерме бағасын көтеру саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру және газ өндіруді ынталандыру үшін қажет.
"Баға инвесторлар үшін ынталандыру тетігі болуы керек. Баға – инвесторларды тартатын маңызды шарттардың бірі. Сондықтан бұл салаға инвестиция тарту үшін газдың көтерме бағасын тағы да өсіруге мәжбүр боламыз. Әйтпесе газ басқа себептермен қымбаттайды. Өйткені оны импорттауға тура келеді. Ал бізге газ экспорттайтын елдер бізді аяп отырмайды", – деп атап өтті министр.