Қазақстанда кәсіп ашқысы келетін азаматтарға арналған жаңа жасанды интеллект жүйесі енгізіліп жатыр. Жоба кәсіпкерлердің заң талаптарын түсінуін жеңілдетіп, рұқсат құжаттары мен тексеру талаптарын бір жерге жинақтауды көздейді. Бүгінде шағын бизнес иелері әр ведомствоның сан түрлі нормативтік құжатын қарап, талаптарды өз бетінше іздеуге мәжбүр. Ал жаңа жүйе осы күрделі процесті автоматтандыруға бағытталған, деп жазады Ozgeris.info.
Жобаны Әділет министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесіп әзірлеген. Жасанды интеллект жүйесі заңнамалардан, тексеру парақтарынан және рұқсат беру құжаттарынан талаптарды автоматты түрде шығарып, бірыңғай база қалыптастырады. Пилоттық кезеңде алгоритмнің дәлдігі 93–95 пайызға жеткен.
Қазір жүйеге шамамен 131 мың талап енгізілген. Оның 67 мыңы заңнамалық құжаттардан алынса, тағы 64 мыңы тексеру парақтарынан жиналған. Тестілеу экология, көлік және жер пайдалану салаларында жүргізілген.
Басты мақсат – кәсіпкерлерге түсінікті әрі нақты талаптар тізімін ұсыну. Себебі қазіргі таңда бизнес ашқысы келген адам әртүрлі мемлекеттік органның ондаған құжатын қарап шығуға мәжбүр. Кей талаптардың бірін-бірі қайталайтыны, кейбірінің ескіргені немесе өзара қайшы келетіні де жасырын емес. Жаңа жүйе осындай артық және қайталанатын нормаларды анықтап, реттеуді жеңілдетуге көмектеседі. Жасанды интеллект талаптарды жинап қана қоймай, нақты уақыт режимінде артық реттеу, қайшылық және қайталанатын нормаларды да анықтай алады. Бұл кәсіпкерлер үшін әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Қазір жұмыс 12 басым бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Соның ішінде ең көп талап денсаулық сақтау саласында тіркелген. Бұл бағытта шамамен 14 мың талап бар екен.
Жүйені әзірлеумен қатар Ұлттық экономика министрлігінің Жобалық кеңсесі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге талаптарға қолмен де талдау жүргізген. Барлығы 180 норма қаралып, оның 50-іне өзгеріс енгізу немесе толық алып тастау жөнінде мемлекеттік органдар қолдау білдірген.
Қазақстан кәсіпкерлері форумы төрағасының орынбасары Гүлнара Қуанғанова өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылғанын айтты.
«Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында әртүрлі мемлекеттік органның талаптары шашыраңқы орналасқан. Қазір соларды бір құжатқа біріктіру ұсынылып отыр. Бұл кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі ыңғайлы болмақ. Дегенмен азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатысты қауіпсіздік талаптары өзгеріссіз қалады», деді ол.
Жоба бойынша қорытынды кеңес Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин төрағалығымен өткен. Кеңес нәтижесінде мемлекеттік органдарға екі апта ішінде салалық сарапшыларды тартып, деректерді тексеру және жүйені «Атамекен» базасында оқыту тапсырылды.
«Оқыту кезеңі аяқталған соң жүйе деректердің бүкіл массивін өз бақылауына алады. Kейіннен бизнеске қойылатын талаптарды жаңарту процесі толық автоматты режимге көшеді. Бұл мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға жасалған кезекті қадамның бірі болмақ», деді вице-премьер.