🏛️ Саясат

EastAsiaForum: Тоқаев аймақтағы беделді мемлекет қайраткері ретінде аталды

EastAsiaForum: Тоқаев аймақтағы беделді мемлекет қайраткері ретінде аталды

Халықаралық саясат, экономика және аймақтық қауіпсіздік тақырыптарына арналған сараптамалық-талдамалық EastAsiaForum.org порталында «Central Asia enters 2026 with cautious optimism» атты мақала жарық көрді. Онда Орталық Азия елдерінің 2025 жылғы нәтижелері мен 2026 жылға болжамдары талданып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына да баға берілген, - деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

Басылым мәліметінше, 2025 жыл Орталық Азия үшін табысты кезең болды. Аймақ әскери қақтығыстардан, ірі саяси дағдарыстардан аман өтіп, экономикалық өсімді сақтап қалды. Орташа экономикалық өсім 5,9 пайызды құрап, инвестицияның артуы, өндіріс пен туризмнің дамуы және ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы өңір экономикасына серпін берді. 

Саяси тұрғыда да тұрақтылық сақталды. Осы кезеңде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық және халықаралық деңгейде белсенді рөл атқарып, мемлекеттің егемен ұстанымын айқын көрсете білді.

2025 жылы Қазақстан басшысы шетелдік қаржыландыруға тәуелді кейбір ұйымдардың қызметіне қатысты өз позициясын білдіріп, оларды «демократиялық моральдық құндылықтар» деген желеумен егемен мемлекеттердің ішкі ісіне араласуға тырысатын құрылымдар ретінде сынады. Бұл мәлімдеме елдің тәуелсіз саясатын қорғауға бағытталған ұстаным ретінде бағаланды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары сын айтқанымен, ел ішінде айтарлықтай қарсылық байқалмады.

Мақалада Қазақстан сыртқы саясатта теңгерімді бағытты сақтағаны туралы да айтылған. Аймақ елдері Украинадағы соғысқа қатысты бейтарап позиция ұстанып, геосаяси тәуекелдерді барынша азайтуға күш салды. 2025 жылғы қарашада Ресейдің Қара теңіздегі мұнай терминалына жасалған украиналық дрон шабуылы Қазақстанның мұнай экспортына уақытша әсер еткенімен, жалпы алғанда республика сауда көлемін кеңейтіп, Батыс санкцияларынан негізінен тыс қалды әрі Киевпен экономикалық байланыстарын да күшейте алды. 

Қазақстан халықаралық алаңда да белсенді болды. 2025 жылы C5+1 форматындағы жоғары деңгейдегі кездесулерде Қытай, Ресей, Еуропалық одақ, АҚШ және Жапониямен диалог күшейді. Дональд Трамппен өткен кездесуде Орталық Азия көшбасшыларына Вашингтонмен жылы қарым-қатынас орнату үшін Ресейден алшақтау немесе міндетті түрде демократиялық реформалар жүргізу талабы қойылмайтыны жөнінде нақты белгі берілді.

"Осы кездесулер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық деңгейдегі беделді мемлекет қайраткері ретінде ерекше көзге түсті. Ол күрделі геосаяси жағдайда шебер бағыт ұстап, «біреудің ықпал орбитасында емес, өз координаттар жүйесінің орталығында қозғалу» қағидатын ұстанғаны атап өтілді. Бұл Қазақстанның дербес әрі көпвекторлы сыртқы саясатының айқын көрінісі ретінде бағаланды", - дейді EastAsiaForum.org.

Инфрақұрылым саласында да маңызды ілгерілеу болды. 2025 жылдың шілдесіне қарай жалпы құны 52,8 миллиард АҚШ долларынан асатын 90 жоба іске асырылды немесе жоспарланды. Олардың қатарында Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолы мен Каспий арқылы Еуропаға шығатын Транскаспий көлік дәлізі ерекше қарқын алды. Сонымен қатар Қазақстанда Ресейдің тиімді қаржыландыруымен атом электр станцияларын салу жұмыстары басталды.

Автордың пікірінше, 2026 жылға Орталық Азия мемлекеттері тұрақтылықпен және сенімділікпен қадам басты. Аймақ елдерінің басшылары геосаяси бәсекенің қысымына қарамастан, өз мүдделерін қорғап, теңгерімді саясат жүргізе алатынын дәлелдеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы мен дипломатиялық шеберлігі осы үрдістің маңызды бөлігіне айналды.

Барлық жаңалық