🤖 Digital

Дүниежүзілік банк Қазақстанға ерекше ұсыныс жасады

Дүниежүзілік банк Қазақстанға ерекше ұсыныс жасады

Премьер-министр Олжас Бектенов Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Киммен кездесіп, цифрландыру, жасанды интеллект, GovTech және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп жазады Ozgeris.info.

Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік банк тобы арасындағы әріптестікті одан әрі нығайту, сондай-ақ елімізде жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының келешегі сөз болды. Жиынға Президент кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, жасанды интеллект және цифрлық даму, ұлттық экономика, қаржы вице-министрлері қатысты.

Олжас Бектенов соңғы жылдары Қазақстан цифрлық трансформация бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жалпыұлттық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция технологиялық инновациялар арқылы экономиканы жаңғыртуға жол ашты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойған.

«Бұл жыл Цифрландыру жылы деп жарияланды. Экономиканың барлық саласына жасанды интеллект шешімдерін енгізу жұмысы қарқын алды. 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Қазақстанның цифрлық трансформация бағдарламасын ілгерілетуге Дүниежүзілік банктің қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Біз барлық бастаманың уақытылы әрі тиімді жүзеге асуына ерекше мән береміз», деді Премьер-министр.

Бүгінде Қазақстан Дүниежүзілік банктің GovTech жетілу индексінің «А» тобына кіреді және әлемде алтыншы орында тұр. Сонымен қатар еліміз Дүниежүзілік банкпен бірге инклюзивті экономиканы дамытуға бағытталған цифрландыру жобаларын және жасанды интеллект саласындағы адами капиталды нығайту бастамаларын жүзеге асырып жатыр.

Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Ким Қазақстанның цифрлық даму қарқынына жоғары баға берді. Оның айтуынша, еліміз көптеген дамушы мемлекеттен озық тұр.

Сангбу Ким маңызды жобалардың қатарында деректерді өңдеу орталықтарын дамыту, Каспий теңізінің түбімен суасты талшықты-оптикалық кабель тарту, ауылдық аумақтарды сапалы байланыспен қамту, цифрлық мемлекеттік сервистерді жетілдіру, жасанды интеллект пен технопарктерді дамыту бағытындағы бастамаларды атады. Ол Дүниежүзілік банк бұл жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.

«Қазақстандағы цифрландырудың қазіргі деңгейі көптеген дамушы елмен салыстырғанда өте жоғары. Сіздерде дамыған мобильді байланыс жүйесі, тиімді электрондық үкімет платформасы, жеке секторға арналған қалыптасқан экожүйе, нақты ұлттық стратегия мен саясат бар. Жақында жасанды интеллект туралы заң қабылданды. Бұл – өте маңызды қадам. Біз үшін Қазақстанмен жұмыс істеу үлкен мүмкіндік. Дегенмен жасанды интеллект саласында жаңа сын-қатерлер де аз емес», деді Сангбу Ким.

Кездесу қорытындысында Дүниежүзілік банктің вице-президенті Қазақстанды ұйымның цифрландыру және жасанды интеллект жөніндегі жаһандық стратегиясының негізгі серіктес әрі қатысушы мемлекеттерінің бірі болуға шақырды. Аталған бағдарлама цифрлық экономикаға инвестиция тартуды көздейді. Оның негізгі бағыттарына цифрлық байланыс пен инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік цифрлық платформалар мен сәйкестендіру жүйелерін жетілдіру, деректерді реттеу, киберқауіпсіздікті күшейту, цифрлық дағдыларды дамыту және жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру кіреді.

Бағдарлама аясында әр елдің ұлттық басымдықтары ескеріліп, арнайы цифрлық келісімдер әзірленеді. Соның нәтижесінде Қазақстанның цифрлық күн тәртібі Дүниежүзілік банктің қолдауымен нақты инвестициялық жобалар мен реформалар арқылы жүзеге асырылмақ.

Кездесу соңында Олжас Бектенов Сангбу Ким мен Дүниежүзілік банк командасына Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы бастамаларын қолдағаны үшін алғыс айтып, Үкіметтің World Bank Digital Compact бағдарламасына қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

 

Барлық жаңалық