Денсаулық

Денсаулық сақтау саласы дағдарысқа ұшырады: Үкімет уәде еткен ақшасын неге төлемей отыр? 

Қазақстан бюджетінің парадоксы туралы түрлі БАҚ жазып жатыр. Денсаулық сақтау саласы күйреу алдында тұр. Әлеуметтік шығындар қайда кетіп жатыр? Қазақстан осы күйге қалай жетті? Ozgeris.info тілшісі саралап көрді. 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғанда, үкімет оны әлеуметтік саладағы ең ірі реформалардың бірі деп таныстырған. Қазір аты жер жарған жүйе дағдарысқа ұшырап отыр. Яғни, мемлекет өз мойнына алған міндеттемелерін толық орындамай келеді. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Биыл ол шарықтау шегіне жетті. Клиникалар науқастарға кепілді төлемсіз қызмет көрсетеміз деп, қарызға батып кеткен. 

Биыл үкімет қорға 2,3 трлн теңге аударуға уәде берген. Қаражат кезең-кезеңімен түсіп тұруы тиіс еді. Алайда 12 қыркүйекке қарай жоспарланған 1,8 трлн теңгенің орнына бар болғаны 1 трлн теңге ғана түскен. Соның салдарынан 739,3 млрд теңге көлемінде қарыз жиналды. Оның 365,5 млрд теңгесі – кепілдендірілген тегін медициналық көмекке, 373,7 млрд теңгесі МӘМС-ке тиесілі. Бұдан бөлек, әскери қызметкерлерге медициналық көмек көрсетуге қарастырылған 3,8 млрд теңге мүлде бөлінбеген, ал жарна төлеуден босатылған 15 санат бойынша жоспарланған 445 млрд теңгенің орнына бар болғаны 132 млрд теңге аударылыпты. 

Ресми түсініктемелерге сүйенсек, салықтардың біркелкі түспеуі, Ұлттық қордан берілетін трансферттердің азаюы, зейнетақы, жәрдемақы мен мемлекеттік қарызға арналған әлеуметтік шығындардың өсуінен туындаған. Денсаулық сақтау саласы да әлеуметтік шығындардың құрамына кіретінін атап өткен жөн. Қаржы министрлігінің «барлық әлеуметтік шығындар дер кезінде төленіп жатыр» деген мәлімдемесі шындыққа сай келмейді. Медициналық сақтандыру қорындағы қарыздың өсуі үкіметтің басымдықтары басқа жақта екенін көрсетіп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі жағдай кеше туындаған жоқ. 2024 жылы да осындай кідірістер байқалған екен. 2025 жылғы сәуірде қарыз 300 млрд теңгеге жеткенде Денсаулық сақтау министрі мәселе техникалық сипатта деп сендірген. Бірақ күзде қарыздың әрі қарай ұлғайып бара жатқаны анық болды. 

Клиникалар дағдарыс жағдайында жұмыс істеп келеді. Қордың дерегінше, медициналық ұйымдар қызмет көрсетуін жалғастыруда, алайда жоспарланған төлемнің небәрі 26 пайызы ғана өтеліп жатыр. Жыл басынан бері 1,5 трлн теңге төленгенімен, ол ең алдымен өмірлік маңызы бар бағыттарға, атап айтқанда, жедел жәрдемге, АИТВ мен туберкулезге, әлеуметтік мәні зор ауруларға, қан препараттарына, алғашқы медициналық-санитарлық көмекке, диализге және паллиативтік көмекке жұмсалды. Қалған бағыттар маңыздылығына қарай қаржыландырылып жатыр. Салдарынан алғашқы медициналық көмек пен онкологиялық емдеу қиын жағдайға тап болып отыр. 

Жазда алғашқы медициналық көмекке қосымша қаржы бөлінді, бірақ ол ақша қарызды да жаба алмады. Қор мен министрлік шығындарды қайта қарап, ресурстарды бағдарламалар арасында бөліп отыр. Алайда жүйенің негізгі салмағын көтеретін онкология мен бастапқы көмек саласы қиындықтан шыға алмай келеді. Бұл бағыттар ең осал. Дәрігерлердің айтуынша, қарапайым қабылдаудың өзі апталап кезек күтуді талап етеді, ал қаржының кешігуі жағдайды ушықтыра түсуде.

Қордың резерві де азаюда. 2024 жылы оның жинағы 1 трлн теңге деп айтылған, ал 2025 жылғы 1 қыркүйекте нақты резерв 130,14 млрд теңгені құрады. Оның үстіне бұл қаражатты тек төтенше жағдайлар немесе індет секілді күтпеген шығындарға ғана жұмсауға болады. 

Қор басшысы Айдын Құлсейітовтің айтуынша, 2027 жылға қарай жүйе жыл сайын 150–200 млрд теңге шығынға батуы мүмкін.

"Сондықтан қор 2031 жылға дейін тапшылықты жоюмен айналысады. Тек 2032 жылдан бастап қана теңгерімге қол жеткізу мүмкін болады. Үкімет мемлекеттік жарналарды 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін өсіруді жоспарлап отыр. Одан бөлек, жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін төлем базасын кеңейтуді, жұмыс істемейтін азаматтардың бір бөлігі үшін жарналарды әкімшілік арқылы төлеуді және кейбір қызметтерді кепілдендірілген пакеттен МӘМС-ке көшіруді жоспарлап отыр", - дейді ол. 

Сарапшыларды алаңдатып отырғаны мынау:

Жүйе алдағы жылдарға шыдай ала ма? 

МӘМС ортақ жауапкершілік қағидатына негізделген. Азаматтар жарна төлеуге міндетті, ал мемлекет жеңілдікті санаттар мен кепілдендірілген пакетке дер кезінде қаржы бөлуді қамтамасыз етуге тиіс. Бір тарап өз міндетін орындамаса, сенім бұзылады. Халық жарнасын төлеп отыр, бірақ уәде етілген қызметті толық ала алмайды, ал клиникалар өз мемлекетін несие берушіге айналдырып отыр.

Қаржыландыру тапшылығы қабылдаудан бас тарту, диагностика мен емдеуді күту мерзімінің ұзаруы сияқты мәселелерге әкелуі мүмкін. Әсіресе онкологияға ауыр тиюі мүмкін. Бір айлық кідірістің өзі пациенттің өмірін қауіпке тігуі ықтимал. Қазірдің өзінде ауруханалар қандай бағытты бірінші кезекте қаржыландырып, қайсысын кейінге қалдыру керектігін таңдауға мәжбүр. Бұл МӘМС іске қосылғанда жарияланған медициналық көмекке тең қолжетімділік қағидатын шайқалтады.

Қаржының кешігуі тек пациенттерге ғана емес, дәрігерлерге де әсер етеді. Медициналық ұйымдар жалақыны кешіктіруге, дәрі-дәрмек пен жабдық сатып алуды шектеуге мәжбүр. 

Мемлекеттің мұндай позициясы дұрыс емес делінген зерттеуде. Яғни, медицина саласын екінші орынға сырып тастаудың түбі жақсылыққа әкелмейді. Себебі бұл сала халықтың өмір сапасы мен демографиясына тікелей әсер етеді. Ұзақ мерзімде мұндай қаржыландыру өлім-жітімнің өсуіне, өмір сүру ұзақтығының төмендеуіне және мемлекеттік институттарға сенімнің әлсіреуіне әкелуі мүмкін.

Осылайша, қолжетімді медицинаның кепілі ретінде ойластырылған МӘМС қазір көмекке мүқтаж. Мемлекеттің қор алдындағы қарызы 739 млрд теңгеден асып барады. 

Барлық жаңалық