Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) технологиясымен жабдықталған 19 мың бейнекамера орнатылады. Бұл құрылғылар адамның бет-жүзін анықтап, көлік қозғалысын талдай алады, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі, деп жазады Ozgeris.info.
Жүйенің басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және құқық бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде бақылау. Камералардан түскен ақпарат полицияның заманауи планшеттері мен смарт-жетондарына тікелей жеткізіледі.
Сонымен қатар, азаматтар енді құқық бұзушылық туралы тек «102» нөміріне ғана емес, eGovMobile және екінші деңгейлі банктердің қосымшаларындағы «Заң және тәртіп» сервисі арқылы да шағым жолдай алады. Құзырлы органдардың айтуынша, бұл қоғам мен полиция арасындағы байланысты едәуір жеңілдетеді.
Бұған дейін елорда мен Алматыда көлік қозғалысын негізінен Sergek жүйесі қадағалап келген. Алайда биылдан бастап жобаны отандық компания емес, арабтық Presight компаниясы іске асырады. Жоспар бойынша жоба 2030 жылға дейін жалғасып, ел бойынша барлығы 22 мың бейнебақылау камерасы мен 1202 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылады.