Ұлттық банк жүргізген сауалнама кәсіпкерлердің қазіргі ахуалын айқын көрсетті. Нарықтағы бәсекелестік күшейген, несие қымбаттаған. Соған қарамастан, қазақстандық кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтудың жаңа жолдарын іздеп жатыр.
2025 жылдың 4 тоқсанында бизнестің еркін дамуына бірнеше мәселе тұсау болды. Сауда мен өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлер үшін ең басты қиындық – нарықтағы бәсекенің күшеюі. Бір өнімді бірнеше компания ұсынғанда, баға мен сапа үшін күрес те артады. Ал тау кен өндірісі мен құрылыс саласында кәсіпкерлер салық ауыртпалығын негізгі кедергі ретінде атады. Ауыл шаруашылығы саласы болса, білікті маман тапшы екенін ашық айтты.
Сонымен бірге бір жағымды өзгеріс бар. Бұрын кәсіпкерлер үшін валюта бағамының құбылуы үлкен тәуекел болатын. Қазір бұл фактордың кері әсері бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай азайған.
Несие мәселесі әлі де өзекті. Тау кен мен құрылыс секторын қоспағанда, экономиканың көп бөлігінде несие алу шарттары қатаңдай түскен. Ең жоғары пайыздық мөлшерлеме тау кен өндірісінде тіркелді – 20,4%. Ал мемлекеттік қолдау бағдарламаларының арқасында ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 13,3% деңгейінде қалып, ең төменгі межеде тұр. Соған қарамастан, көлік және қоймада сақтау саласындағы кәсіпорындар несие жүктемесін бәрінен ауыр сезініп отыр.
Инвестициялық жоспарға келсек, көптеген компания келесі жылы күрделі шығындарын қазіргі деңгейде қалдырмақ. Яғни, үлкен өзгеріс күтпейді. Дегенмен ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпорындардың 14% инвестиция көлемін арттыруға ниетті. Бұл сала болашаққа сеніммен қарап отырғанын аңғартады. Ал тау кен өндірісінде керісінше инвестицияны қысқартуды жоспарлап отырған кәсіпорындар басым.
Тау кен саласынан бөлек, өзге бағыттарда тұтынушылық белсенділік артқан. Бұл үрдіс 2026 жылдың басында да жалғасады деген болжам бар. Кәсіпкерлердің пікірінше, ауыл шаруашылығы мен құрылысты қоспағанда, дайын өнім бағасының өсу қарқыны алдағы уақытта біртіндеп баяулай бастайды.
Қаржы тиімділігі жағынан тау кен өндірісі алда тұр. Бұл салада табыстылық 38% деңгейінде. Одан кейін көлік және логистика саласы орналасқан. Яғни, қиындықтарға қарамастан, кей бағыттар табыс тауып, өз әлеуетін сақтап отыр.