«OrdaGen»-нің бағыттары қандай?
— «OrdaGen» жобасының идея авторы — Айбек Қуатбай, жоба кеңесшісі — Садық Шерімбек, ал жобаның жетекшісі өзім. Қазір бұл жоба аясында әр түрлі тақырып бойынша емін-еркін балалар шығармаларын жазатын 41 авторымыз бар. Негізінен «OrdaGen» жобасы төрт бағыттан тұрады. Оның біріншісі — «Orda» жинағы. Бүгінде бұл бағыт бойынша 25 түрлі жаңа кітаптар шығарылды. Бұл кітаптарда балаларға арналған шығармалар жинақталған. Олардың ішінде ертегі, әңгіме, тақпақ, өлең, т.б. шығармалар бар. Осылардың бәрін дүкен сөрелерінен сатып алып, оқуға болады. Екінші бағыт — «OrdaGen» мобильді қосымшасы. Бұл қосымшада жинақ кітаптарда жоқ ертегілердің мәтіні, аудио нұсқаларын оқып, тыңдай аласыз. Үшінші бағыт — «Orda Games» деп аталады. Бұл атауы айтып тұрғандай, балаларға арналған ойындардан тұрады. Мұны кез келген адам Play Market қосымшасы арқылы жүктеп алуына болады. Онда біздің кейіпкерлердің түр-түрі жинақталған. Бұл ойын ойнауға құштар балалар үшін жасалған. Ондағы санамақтар, түсті тануға, қолдың моторикасын дамытуға арналған ойындар балалардың ойлау қабілетін, дамуын қамтамасыз етеді. Ал төртінші бағыт — анимация бөлімі. Қазіргі таңда біз 2D, 3D форматында қысқаметражды мультфильмдер шығаруды қолға алып отырмыз. Оларды балалар Youtube желісі арқылы қарайтын болады. Бұл мультфильмдерді балаларымызға ұялмай көрсететіндей сапалы болуы үшін еңбектеніп жатырмыз. Жалпы біз кез келген сын-пікірге ашықпыз. Біздің көздегеніміз — табыс емес, құндылықтарды дәріптеу, балаларға пайдалы дүниелер шығару, — дейді Парасат Танен.
Жоба жетекшісі «Orda ертегілері» жинақтары мен анимациялар туралы ақпаратты, жалпы жоба жайлы мағлұматтарды https://www.ordagen.com/ сайты және ordagen.kz инстаграм парақшасы арқылы білуге болатынын айтады.Бүгінде «Orda ертегілері» жинақтары Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Маңғыстау облыстарына тарап үлгерген. Бұл өңірлерде жинақтардың таныстырылымы өткізіліп, балаларға арналған кітаптарға тапсырыс беру үшін барлық мүмкіндік жасалған. Тіпті, бірқатар облыстардағы балалар кітапханаларына да таратылыпты. Сондай-ақ кез келген ата-ана сайт арқылы тапсырыс беріп, «Қазпошта» АҚ арқылы кітапты сатып алуына болады. Ертегі кітаптарының бағасы — 850-2600 теңге аралығында. — Біздің барлық кітаптарымыздың бағасы қолжетімді. Біздің редакциямызда белгілі авторлар жұмыс істейді. Олар балаларға қызықты тақырыптар мен кейіпкерлерді тауып, жинаққа әр түрлі шығармалар жазады. Негізінен жинаққа енгізілген шығармалардың көлемі — 2-2,5 парақ. Шығармалар көлемі одан көп болса, балалар қызығып оқымайды. Жалпы қазіргі таңда балалардың қызығушылығын ояту, олардың таңданысын тудыру қиындап барады. Ал аудиожинақтардың ұзақтығы — 5-7 минут. Біз аудиожинақтарды балалар оқиға желісін көзіне елестете отырып қабылдайтындай етіп жасадық. Негізінен соңғы жылдары Қазақстандағы балалар аудиториясы үшін өзіміздің ана тілімізде жарық көрген тың дүниелер тым аз. Ал нарыққа шыққан контенттің басым көпшілігі — өзге елдердің, әсіресе, батыстың өнімдері. Сондықтан осы мәселеге келгенде, біз тамшыдай болса да өз үлесімізді қосу үшін осы жобаны қолға алған болатынбыз. Біз де бала өсіріп отырмыз. Балаларымыздың болашағына алаңдаймыз. Сол үшін біз алдағы уақытта балапандарымызға танымды дүниелерін ұсынып, ұлт үшін қызмет етеміз, — дейді «OrdaGen» жобасының жетекшісі. Бұл — халықтың жобасы Парасат Таненнің айтуынша, әзірге «OrdaGen» жобасына мемлекет тарапынан ешқандай қолдау болмаған. Сондықтан жоба авторлары мұны халықтың жобасы ретінде танымал етпекші. — Біз тапқан табысымызды барлығын осы жобаға салып жатырмыз. Қазіргі таңда ұжым мультфильм түсіруге көп көңіл бөліп жатыр. Себебі елімізде қазақ тіліндегі сапалы мульфильмдер санаулы ғана. Біздің балаларымыз мульфильмдерді тек ана тілінде көруі керек. Егер балалар мультфильмдерді орыс тілінде көп көріп, бөтен тілде сөйлесе, олар ұлттық намыс, рух, патриотизм деген құндылықтардан алыстап кетеді. Сондықтан біз барынша осы бағытты дамытуға күш салмақпыз. Қазіргі таңда біз балалар арасында ең көп оқылған «Аю» кітабы бойынша екі сериялы мультфильм түсірдік. Бұйырса жуырда көрермендерге жол тартады. Ендігі кезекте «Айбар» аталатын қасқырдың баласы туралы мультфильм түсіруді қолға алып жатырмыз. Бұл фильмде 7 кейіпкер болады. Жалпы картинаның бірінші сезонында 15 серия жарыққа шығады. Бұл серияларда тәртіпке бағыну, балаларды адамгершілік қасиеттерге үндеу мақсаты көзделген, — дейді Парасат Танен.
Данагүл БАЙМҰҚАШ,
"ozgeris.info".