Дания корольдік театрының тұңғыш қазақ әртісі атанған Мейрамбек Назарқожаев Jibek Joly арнасындағы "Бүгін.live" бағдарламасына эксклюзив сұхбат берді. Ол өзінің балетке келгенге дейінгі жүріп өткен жолы жайлы айтып, балалық шағын еске алып, жоспарын бөлісті.
"Қараой ауылында дүниеге келген, қарапайым қазақ баласымын. Бала күнімде әрқашан балалармен доп ойнап, мал бағып өскен балалардың бірімін. Балетке түк қатысым жоқ болған. Бір күні анамның сіңлісі мені осы салада өзін көрсін деп анама ұсыныс жасады. Сосын барып көрдім. Басында дене бітімім келмеді. Кейін тестті жақсы тапсырып, мектепке қабылдандым", - деді ол.
Танымал балет әртісі әлемге әйгілі театрда 8 жыл жұмыс істеп келеді. Сұхбат барысында ол өзінің мақсаты жайлы да айтып өтті.
"8 жыл барысында көптеген халықаралық конкурсқа қатысып, ұтып, лауреат атандым. Бірақ менің басты мақсатым – шетелге барып, әлемнің көптеген хореографы мен балетмейстерімен жұмыс істеп, сол багажбен елге оралу. Болашағымды Қазақстаннан көремін", - деді ол.
Мейрамбек Назарқожаев Дания корольдік театрымен орнатқан келісімшарты жайлы айтты.
"Өмір бақи жарамды болатын келісімшарт орнатқаным рас. Дания корольдік театрымен жақсы қарым-қатынас орнатсаң, онда сондай келісімшарт ұсынады. Әлемдегі үлкен театрларда директор ауысқан кезде ол өз командасымен келеді. Жаңа директор келсе, өзінің қолтаңбасын қойғысы келеді. Сол үшін өзінің командасын құрады. Сол командаға дұрыс келмей қалсаң, сен театрға керек емес боп қаласың. Үй-жайыңды ауыстырып, басқа елге көшуге тура келеді. Ал бұл келісімшарт мұндайлардан сақтайды. Болашағыңды жоспарлай берсең болады. Өзің кеткің келсе, кете аласың", - деді ол.