💰 Экономика

Астанада ғылыми жобаны жүзеге асыруға бөлінген 297 млн теңге грантты жымқырған

Астанада ғылыми жобаны жүзеге асыруға бөлінген 297 млн теңге грантты жымқырған

Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын жымқыру схемасын әшкереледі,деп хабарлайды Ozgeris.info.

Тергеу материалдарына сәйкес, 2023 жылы жеке кәсіпкер «Ғылым қоры» АҚ-нан «Өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыру үшін 350 млн теңгеге дейін грант алған.

Алайда бөлінген қаражат мақсатты жұмсалмаған. Жабдықтар, шикізат, маркетингтік қызметтер мен басқа да тауарларды сатып алу деген желеумен ақша бақылауындағы компаниялардың шоттарына аударылып отырған.

Атап айтқанда, жоба аясында дат баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желі сатып алынуы керек болған. Оның орнына техникалық талаптарға сәйкес келмейтін көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана алынған. Жоба бойынша дайын өнім өндірілмеген әрі сатылмаған.

Соның салдарынан мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келген.

Тергеу мәліметінше, жымқырылған қаражаттың бір бөлігі пайдаланылған өсімдік майын жеткізу ақысын төлеу деген сылтаумен өзара байланысты екі компанияның шотына аударылған. Кейін ақшаның бір бөлігі жеке кәсіпкердің шоттарына қайтарылып, жобаға салынған өз қаражаты ретінде көрсетілген. Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігі автокөліктерді лизингке алу кезінде бастапқы жарналарды төлеуге жұмсалған.

Бұдан бөлек, жобаның жүзеге асырылуын бақылауға жауапты «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ қызметкері 1,7 млн теңге заңсыз сыйақы алған. Ол анықталған заңбұзушылықтарды тексеру актілеріне енгізбей, жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным берген.

Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен алты автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Барлық жаңалық