Астанада салынып жатқан Ellington туристік ауданының құрылысы 2028 жылға қарай толық аяқталуы мүмкін. Бұл туралы қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
«Қалада ең үлкен сауда ойын-сауық орталығы бой көтеріп жатыр. Онда аквапарк болады. Құрылысты 2-3 жылда аяқтау жоспарланған. Жобаны шетелдік компания өз қаржысына жүзеге асыруда, ал әкімдік инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге көмектесіп жатыр», деді ол.
Ellington Group KAZ Ltd компаниясымен бірлескен жоба құны шамамен 1 млрд долларды құрайды. Кешеннің жалпы аумағы 2,6 миллион шаршы метр, ал қосымша құрылыс аймағы 333 гектар болады.
Жоба аясында аквапарк, ойын және демалыс аймақтары, саябақтар, кеңселер мен коммерциялық нысандар, қонақүйлер және тұрғын үйлер салу көзделген.
Мамандардың айтуынша, Ellington жобасы іске қосылған соң елорда жаңа туристік және сауда орталығына айналып, өңір экономикасына да серпін береді.