Ақтөбеде 26 жастағы ару алаяқтарға 7 миллион теңгесін беріп қойған. Ол гүл салонынанмын деген бейтаныс адамға телефонына келген кодты айтып жіберген. Көп ұзамай оған басқа нөмірден тағы біреу хабарласқан деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
«Маған сізге гүл келеді деп код жіберді. Мен сол кодты әлгі адамдарға айтып бердім. 10 минуттан кейін банк қызметкерлері хабарласып, сіздің атыңызға несие рәсімделді деді. Кейін қорыққанымнан банкке барып, тағы 7 миллион теңге несие рәсімдедім», – дейді жәбірленуші.
Полицейлер, әсіресе, қыз-келіншектерге сақ болуды ескертеді.
Өйткені Халықаралық әйелдер күні қарсаңында алаяқтар адамдарды алдаудың жаңа тәсілдерін қолдана бастаған.
Алдымен олар «гүл салонынан хабарласып тұрмыз» деп сендіреді. Кейін «банктің қауіпсіздік қызметіненбіз» деп қоңырау шалып, ақшаны «сақтап қалу үшін» оны шұғыл түрде қауіпсіз шотқа аудару қажет екенін айтады.
Тәртіп сақшылары мұндай ақпаратқа сенбеуге шақырды.
Қазіргі уақытта CYBERPOL қызметі алаяқтарды іздестіріп жатыр.