Маңғыстау облысы

Ақтаудағы қоғамдық дәретханада мас кассир мен еденде ұйықтап жатқан балалар табылды

Ақтау тұрғындары Lada.kz редакциясына шағымданып, жағалаудағы қоғамдық дәретханада болып жатқан сұмдық жайт туралы хабарлады. Олардың айтуынша, демалыс орнына келушілердің көзіне сорақы көрініс түскен: еденде балалар ұйықтап жатыр, ал кассир мас күйде қызмет көрсетуде деп хабарлайды ozgeris.info сайты. 

 

15-шағынауданда орналасқан дәретханада болған зейнеткер ерлі-зайыптылардың сөзінше, олар жай ғана серуенге шығып, күтпеген жағдайға тап болған.

 

“Күйеуім дәретханаға кірмек болды, біз де ілесіп кірдік. Көргеніміз жан түршігерлік еді: кассир әйел ашық түрде мас, соған қарамастан бізден төлем алды. Ал іште еденде балалар ұйықтап жатыр. Біраздан кейін тағы бір ер адам бала жетектеп келді, қасында тағы да мас әйел бар. Олар бізбен ұрысып, болған жайтты телефонға түсіруге рұқсат бермеді. Бұл қоғамдық орын ғой, мұнда отбасылар, балалар келеді!” – дейді тұрғын.

 

Куәгерлердің айтуынша, дәретхананың ішінде тағы да бөлек бөлме болған, онда жасөспірімдер жатқан.

 

“Бұл жерді біреулер баспанаға айналдырғандай. Лас, антисанитария. Мұндайды көріп жағамды ұстадым”, – деп ашуланды зейнеткер әйел.

 

Ол жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін айтып, биліктен шара қолдануды сұрады.

 

“Қалалық әкімдік назар аударады деп үміттенемін. Өйткені бұл – көпшілік жүретін орын. Туристер кіріп көрсе, қала жайлы қандай ойда қалады? Оның үстіне дәретхананың жанында қонақүй бар”, – дейді тұрғын.

Барлық жаңалық