Қазақстанда қаржылық алаяқтықтың сипаты өзгеріп барады. Бұрын қаскөйлер банк жүйесін бұзуға немесе карта деректерін ұрлауға тырысса, қазір олар адамның психологиясына әсер ету арқылы миллиондаған теңгені иемденіп жүр. Fingramota.kz сарапшыларының айтуынша, бүгінгі алаяқтардың басты қаруы – технология емес, қорқыныш пен психологиялық қысым, деп жазады Ozgeris.info.
Соның салдарынан адамдар кейде несиені өз қолымен рәсімдеп, кейін ақшаны «қауіпсіз шотқа» өздері аударып береді. Fingramota.kz сарапшыларының сөзінше, мұндай жағдайлар қазір күн сайын қайталанып жатыр. Әдетте алаяқтар кешкі уақытта хабарласады. Өйткені дәл сол кезде адам жұмыстан шаршап келеді, зейіні әлсірейді, ақпаратты тез саралай алмайды. Телефон экранында банк нөміріне ұқсас байланыс шығып, ар жағындағы дауыс өзін «банк қауіпсіздік қызметінің өкілі» ретінде таныстырады. Әңгіме сабырлы әрі сенімді дауыспен басталады. Көп ұзамай адамды үрейге салатын сөздер айтылады:
«Сіздің атыңызға дәл қазір несие рәсімделіп жатыр», «Шотыңыздан ақша шешілмек», «Ақшаңызды сақтап қалу үшін 10 минутыңыз ғана бар».
Кейде алаяқтар адамның аты-жөнін, телефон нөмірін, тіпті банк картасының соңғы сандарын да айтып береді. Мұндай кезде көп адам шынымен банк хабарласып тұр деп сенеді.
«Мұндай схемалардың негізінде үш психологиялық тәсіл жатыр. Біріншісі – қорқыныш. «Ақшаңыздан айырылып қаласыз», «сіздің атыңызға қарыз рәсімделіп жатыр» деген сөздер адамның қорғаныс реакциясын іске қосады. Екіншісі – асығыстық. «Қазір әрекет етпесеңіз кеш болады», «уақытыңыз аз» деген тіркестер адамға ойлануға мүмкіндік бермейді. Үшіншісі – беделге сендіру. Алаяқтар өзін банк, қауіпсіздік қызметі немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, сенім қалыптастырады. Дәл осы сәтте адамның сыни ойлау қабілеті әлсірейді. Ол ақпаратты тексеруді қояды, жақындарымен ақылдаспайды, сұрақ қоймайды. Бар ойы – «ақшамды құтқарып қалу». Психологтер мұны «стресс кезіндегі ойлаудың тарылуы» деп атайды. Яғни, адам қатты қорыққан кезде жағдайды салқынқанды бағалай алмайды. Тіпті өте сақ, сауатты адамның өзі эмоцияға еріп, қисынсыз әрекет жасауы мүмкін», дейді агенттік мамандары.
Мысалы, бір әйел адам онлайн несие рәсімдеп, кейін ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударған. Ол мұны ақшасын сақтап қалу үшін жасап отырмын деп ойлаған. Ал ақша жіберілгеннен кейін өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адамдар бірден байланысын үзген. Кейін ғана ешқандай қауіп болмағаны, несие рәсімдеу әрекеті де, шоттан ақша шешу қаупі де болмағаны белгілі болған. Барлығы алдын ала ойластырылған алаяқтық схема болып шыққан.
Көпшілікті «алаяқтар жеке мәліметтерді қайдан алады?» деген сұрақ мазалайды. Fingramota.kz сарапшылары мұндай ақпараттың банк тарапынан берілмейтінін түсіндіреді. Көбіне деректер әлеуметтік желілерден, ашық платформалардан, түрлі сервистердегі ақпараттық ағулардан немесе кездейсоқ сәйкестіктер арқылы жиналады. Қаскөйлер әр жерден алынған мәліметтерді біріктіріп, адамның сеніміне кіру үшін пайдаланады. Адам үшін бұл өте сенімді естіледі: аты-жөнін, карта деректерінің бір бөлігін біліп тұрса, демек «өз адамдары» сияқты көрінеді.
Сарапшылар қоғамда тағы бір қате түсінік барын айтады. Көп адам «мен ондайға алданбаймын» деп ойлайды. Бірақ мәселе аңғалдықта емес. Алаяқтар адамның білім деңгейіне емес, табиғи қорқыныш сезіміне әсер етеді. Сондықтан мұндай схемаларға кез келген адам түсіп қалуы мүмкін.
«Біріншіден, ешбір банк, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік қызмет телефон арқылы ақша аударуды сұрамайды. Екіншіден, банк қызметкерлері ешқашан SMS-код, CVV-код, пароль немесе мобильді банкингке кіру деректерін талап етпейді. Үшіншіден, «қауіпсіз шот», «резервтік шот», «қорғалған есепшот» деген ұғымдар ресми банк жүйесінде жоқ. Бұл – алаяқтардың жиі қолданатын айласы. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, банкке тек ресми нөмір арқылы қайта хабарласу керек», дейді сарапшылар.