Қазақстанның еңбек нарығында жоғары жалақы ұсынылатын мамандықтар белгілі болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биылғы сәуір айында ең жоғары еңбекақы ұсынылған вакансиялардың қатарында ұшқыш, бағдарламалық қамтамасыз ету сәулетшісі және жабдықтарды сынау жөніндегі басшы мамандықтары көш бастады. Кейбір мамандарға ұсынылған айлық 2 миллион теңгеге жуықтаған, деп жазады Ozgeris.info.
Министрлік дерегіне сәйкес, сәуір айында ұшқыш мамандығы бірден екі көрсеткіш бойынша алға шыққан. Жұмыс берушілер бұл қызмет үшін шамамен 1,9 миллион теңге көлемінде жалақы ұсынса, жұмыс іздеушілердің күткен айлығы 3,9 миллион теңгеге дейін жеткен.
Жоғары жалақы ұсынылған мамандықтардың қатарында бағдарламалық қамтамасыз ету сәулетшісі де бар. Бұл сала мамандарына орта есеппен 1,7 миллион теңге көлемінде айлық ұсынылған. Ал жабдықтарды сынау жөніндегі басшы қызметіне шамамен 1,6 миллион теңге еңбекақы белгіленген.
Сонымен қатар жоғары жалақы күтетін үміткерлер арасында бортсеріктер мен жақ-бет хирургтері ерекшеленген. Бортсеріктердің күткен жалақысы шамамен 2,1 миллион теңге болса, жақ-бет хирургтері 2 миллион теңге көлемінде табыс күтетінін көрсеткен.
Электрондық еңбек биржасындағы ахуал да еңбек нарығындағы өзгерістерді айқын көрсетіп отыр. Сәуір айында жұмыс берушілер 104,7 мың бос жұмыс орнын жариялаған. Ал жұмыс іздеушілер тарапынан 123,3 мың түйіндеме орналастырылған. Наурыз айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 2,1 пайызға артса, түйіндеме саны 15,1 пайызға көбейген.
Өңірлер бойынша ең көп бос жұмыс орны Астана қаласында тіркелген. Елордада 8,5 мың вакансия жарияланған. Одан кейін Павлодар облысы – 7,2 мың, Алматы қаласы – 6,7 мың, Ақмола облысы – 6,6 мың және Қарағанды облысы – 6,4 мың бос жұмыс орнымен алдыңғы қатарға шыққан.
Біліктілік деңгейіне қарай қарағанда, еңбек нарығында сұраныстың басым бөлігі орта білікті мамандарға тиесілі. Барлық вакансиялардың шамамен 46 пайызы осы санатқа арналған. Ал жоғары білікті мамандарға сұраныс 27 пайызды құраған. Төмен білікті кадрларға арналған жұмыс орындарының үлесі де 27 пайыз деңгейінде қалып отыр.
Жұмыс іздеушілер арасында жастардың үлесі жоғары. Электрондық еңбек биржасына түйіндеме орналастырғандардың 39 пайызы – 35 жасқа дейінгі азаматтар. Ал 35-44 жас аралығындағы үміткерлердің үлесі 28 пайыз болса, 45-54 жас аралығындағылар 20 пайызды құраған. 55 жастан асқан азаматтардың үлесі 13 пайыз деңгейінде. Министрлік мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері электрондық еңбек биржасында 409 мың бос жұмыс орны жарияланып, 517,7 мың түйіндеме орналастырылған.