Жаңалықтар

"Қыз Жібектің" камзолы: Министрлік даудың нүктесін қойды

"Қыз Жібектің" камзолы: Министрлік даудың нүктесін қойды

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов «Қыз Жібек» фильміндегі Меруерт Өтекешова киген әйгілі қамзолға қатысты қоғамда туған дауға пікір білдірді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Журналистер министрліктің бұл мәселедегі әрекетін қоғам әлсіз қабылдағанын айтып, «Қыз Жібек» қамзолының тағдырына ұзақ жылдар бойы назар аударылмағанын еске салды. Олардың сөзінше, тек продюсер Баян Алагөзова мәселе көтергеннен кейін ғана бұл тақырып қайта қозғалған.

Евгений Кочетов өз кезегінде аталмыш қамзолдың қазақ киносы үшін тарихи әрі символикалық маңызы зор екенін айтты.

““Қыз Жібек” фильміндегі қамзол – қазақ кинематографиясының құнды жәдігерлерінің бірі. Біз бұл мәселеге қатысты бұған дейін де пікір білдіргенбіз. Қазір тек осы қамзолға емес, жалпы “Қазақфильм” музейіндегі барлық костюмдер мен реквизиттерге байланысты жұмыстар жүріп жатыр”, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, министрлік актриса Меруерт Өтекешовамен келіссөз жүргізген. Актриса фильмдегі костюмдердің толық жиынтығы жиналғаннан кейін оны «Қазақфильм» музейіне тапсыруға келісім берген.

“Бұл тек бір қамзолға қатысты мәселе емес. Толық костюм жинақталған соң музейге өткізіледі. Осындай жағдайлар қайталанбауы үшін қазір музей қорындағы барлық реквизит пен костюмді цифрландыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазақ киносына қатысты барлық жәдігер электронды базаға енгізіліп, көпшілікке қолжетімді болады”, – деді Кочетов.

Журналистер министрлік осы уақытқа дейін қамзолдың нақты қайда сақталғанын да білмеген болуы мүмкін деген пікір айтты. Алайда вице-министр мұнымен келіспейтінін жеткізді.

“Бұл дұрыс пікір емес. Қамзол “Қазақфильм” музейінде сақталған. Ол басқа да реквизиттермен бірге тұрған. Министрлік осы уақытқа дейін қазақстандық кино қорындағы көптеген тарихи жәдігерді сақтаумен айналысып келеді”, – деді ол.

Сондай-ақ Кочетов музейдегі барлық экспонаттың арнайы тізімі бар екенін айтты. Қазір сол реестрді толық цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

“Қазір барлық деректі нақтылап жатырмыз. Егер болашақта қандай да бір жәдігердің жоғалғаны анықталса, ол туралы ресми түрде айтамыз. Бірақ алдымен цифрландыру жұмыстарын толық аяқтау қажет”, – деді вице-министр.

Оның сөзінше, «Қазақфильм» музейіндегі цифрландыру жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін.

Барлық жаңалық