Көкшетауда әйел жүргізуші тротуарда анасымен бірге келе жатқан баланы қағып кетті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Әлеуметтік желіде жол апаты түсірілген бейнебақылау камерасының видеосы тарады. Видеода әйел басқарған көліктің кенеттен тротуарға шығып кеткені байқалады. Сол сәтте жол жиегімен әйел мен кішкентай бала өтіп бара жатқан. Салдарынан көлік баланы қағып кеткен.
Куәгерлердің сөзінше, жүргізуші абайсызда газ бен тежегіш педальдарын шатастырып алуы мүмкін.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 19 мамыр күні болған. Жол апаты орнына патрульдік полиция қызметкерлері жедел жеткен.
Полицияның хабарлауынша, апат кезінде бала анасымен бірге тротуарда жүрген. Қағып кету салдарынан кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алған. Дәрігерлер тексергеннен кейін ол үйіне жіберілген.
Сондай-ақ баланың ата-анасы жүргізушіге қатысты арыз жазудан бас тартқан.
Қазіргі уақытта полицейлер жол-көлік оқиғасына байланысты материалдар жинап, жүргізушіні заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартқан.