Құрылтай депутаттарының мінез-құлық нормалары Регламенттің 26-тарауында бекітілген. Бұл туралы депутат Снежанна Имашева айтты,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның сөзінше, депутаттар қызметтік міндетін атқарған кезде де, одан тыс уақытта да жоғары мәдениет пен әдепті сақтауы, әріптестері мен Құрылтай жұмысына қатысатын басқа адамдарға құрметпен қарауы тиіс.
Депутаттарға әріптестерінің немесе өзге азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін негізсіз айып тағуға, дөрекі және қорлайтын сөздер айтуға тыйым салынады.
Сонымен қатар Құрылтайда заңсыз немесе күш қолдануға шақыруға, отырыстың қалыпты өтуіне кедергі келтіруге, сөз сөйлеп тұрған депутаттың сөзін бөлуге және оның сөзіне орынсыз түсініктеме беруге болмайды.
Имашеваның айтуынша, депутаттар намысқа тиетін қимыл-ишарат жасап, сес көрсетуге немесе басқа адамды қорлауға да жол бермеуі керек.
Бұл талаптар депутаттық өкілеттікті жүзеге асыру кезінде ғана емес, қызметтен тыс уақытта да сақталуы тиіс.