Жаңалықтар

«1,5 млн теңге аударып жіберген»: Алматы тұрғыны көптің көзінше алаяқтың құрбаны болды

«1,5 млн теңге  аударып жіберген»: Алматы тұрғыны көптің көзінше алаяқтың құрбаны болды

Алматыда ер адам телефон алаяқтарының арбауына түсіп, 1,5 миллион теңгесінен айырылған. Оқиға туралы әлеуметтік желідегі «Типичный Алматы» парақшасында жарияланған видеода айтылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Куәгерлердің сөзінше, ер адам телефон арқылы белгісіз біреумен сөйлесіп, банкомат арқылы ақша аударуға әрекет жасаған. Жанында тұрған адамдар оның алаяқтардың ықпалына түсуі мүмкін екенін айтып, тоқтатуға тырысқан. Алайда ер адам ешкімді тыңдамай, өзінің әрекетіне толық сенімді болған.

«Куәгерлер мұның алаяқтық болуы мүмкін екенін түсіндіруге тырысты, бірақ оны тоқтату мүмкін болмады. Нәтижесінде ер адам 1,5 миллион теңге аударды. Операция туралы чекті көрсеткеннен кейін телефондағы адам қоңырауды бірден аяқтады», – делінген видео сипаттамасында.

Жазба авторының айтуынша, телефонның арғы жағындағы дауыс боттың дауысына ұқсаған. Ал ер адамның өзі қатты психологиялық ықпалға түскендей әсер қалдырған.

Оқиға куәгерлері тұрғындарды мұндай жағдайларда сақ болуға шақырды. Егер белгісіз адамдар телефон арқылы шұғыл түрде ақша аударуды талап етсе, әңгімені тоқтатып, банкке немесе аталған ұйымға ресми телефон нөмірі арқылы өз бетінше хабарласқан жөн.

Айта кетейік, жарияланым авторы бұл ақпараттың видео авторының сөздеріне негізделгенін атап өткен. Оқиғаның мән-жайы мен ер адамның шынымен алаяқтардың құрбаны болғаны туралы ресми ақпарат әзірге жоқ.

Барлық жаңалық