Ақын Серікзат Дүйсенғазы төрт жыл бұрын оқыстан көз жұмған тұңғышы туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ол ұлы Әлихан туралы естелігін бөліскен.
"Бүгін марқұм Әлихан батырым ортамызда болса жиырма жасқа толар еді. Осыдан тура жиырма жыл бұрын Ерейментауда өтетін республикалық айтысқа дайындалып жатқанда өмірге келіп еді. Жүрсін аға бастаған бүкіл ақындар қуана құттықтағаны есімде. Сахнада қарсыласым, Сыр елінің сүлейі Кенжебай Жүсіпов аға бүкіл елге жариялап, сүйінші сұраған. Айтыстан соң Серік Қалиев ағам екеуіміз Аманжол Әлтай ағамның Бас жүлдеге алған "Волгасына" мініп алып, әлі нөмірі алынбаған көлікпен үш күн тойлатып едік. Бүгін сол сәулелі сәттер еске түсіп отыр", деді ол.
Сонымен қатар ақын баласының аса қабілетті болғанын да жаза кетті.
"Көзді-ашып жұмғанша жиырма жыл зу етіп өте шықты. Әлиханымды жоғалтқаныма да төртінші жылдың жүзі болыпты. Қазір өзі қалаған Германияның техникалық университеттерінің бірінде үшінші курстың студенті болып жүрер ме еді? Әттең, амал қанша?! Өте зерек, ақылды бала болды. Кез келген дүниеге байыппен қарайтын. Мінезі де сабырлы, салмақты еді. Өз ортасында достарын күлдіріп жүретін әзілқойлығы да бар болатын. Кітапты өте көп оқитын еді. Техника саласына олжа салар ғалым болатын шығар деп үміттеніп жүрген едім. Қалыптасқан ақындығы бар екенін қайтыс болған соң ғана білдім. Өлең жазатынын менен жасырып жүріпті. Оның бәрін еске алсақ өзегіміз өртенеді. Әсіресе, анасына өте ауыр болады екен. Әлі күнге дейін анасы Айнұрдың жиі-жиі түсіне кіреді. Сағынышы оянғанда өзін қоярға жер таппайды. Ана ғой енді...".
Серікзат Дүйсенғазы қаза артынан қуаныш болғанын есіне алып, марқұм ұлының рухына қызмет еткендерге алғыс айтты.
"Мейірбан Алла біздің көз жасымызды көрді. Орнына орынбасар берді. Қазір соның тәтті қылығымен, былдырлаған тілімен алданып, іштегі күйігімізді басамыз.
Әлиханның туған күнінде жыл сайын аға досым, меценат Рақымғали Абрарұлы сыйлықтарын жіберіп, арнайы құттықтап тұратын еді. Қайтыс болған соң да көп қолдау жасады.
Кәсіпкер Қанат Сәнік пен ақын Серік Қалиев ағаларым "Зейнолла Сәнік" атындағы мәдениет қоры арқылы "Әлиханның арманы" деген шығармалар мен естеліктер жинағын шығаруға жәрдем берді.
Режиссер Мұрат Есжан бауырым түсірген осы аттас деректі фильм "Хабар" арнасының архивінде сақтаулы.
Е, айналайын Әлиханым-ай! Сені біз бұл өмірден өткенше жүрегіміздің бесігінде әлдилейміз. О дүниеде өзіңнің соңыңнан кеткен әжең Сәжида тербетсін. Жатқан жерің жарық болсын, жарығым... Жәйің жәннатың төрі болсын!", деп түйіндеді ақын.