Алматы облысында криптовалютамен заңсыз операциялар жүргізіп, онлайн-казиноларға қызмет көрсетті деген күдікке ілінген Алматының үш тұрғынына қатысты тергеу аяқталды,деп жазады Ozgeris.info.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер Қырғызстан азаматтарын, негізінен студенттер мен қаржылық қиындыққа тап болған жастарды дроппер ретінде тартқан. Олардың Қазақстанға жол жүру ақысын төлеп, баспана және тамақпен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ телефон мен SIM-карталар берген.
Ал оның орнына шетелдіктер банк шоттарына қол жеткізу мүмкіндігін күдіктілерге тапсырып, кейін еліне қайтқан. Бұл шоттар USDT криптовалютасымен заңсыз операциялар жүргізуге және бірнеше онлайн-казиноның төлемдерін өткізуге пайдаланылған.
Күдіктілер шоттарға түскен қаражаттың 4%-ын қызмет ақысы ретінде алып отырған. Жалпы дропперлердің шоттарына 3,6 млрд теңгеден астам қаржы түскен.
Қазір күдіктілердің екеуі үйқамақта отыр. Сот үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салуға санкция берген.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.