Қазіргі қоғамда көп адам тұрақты табыс тапса да, қаржылық қиындықтан шыға алмай жүр. Айлық уақытында түседі, бірақ айдың ортасына жетпей таусылады. Қолда жинақ жоқ, жоспар жоқ, ертеңге деген сенім әлсіз. Осындай жағдайда экономист Руслан Сұлтанов қарапайым, бірақ тиімді қаржылық әдетті ұсынады, деп жазады Ozgeris.info.
Оның айтуынша, табыстың кемінде 10 пайызын өзіңе сақтап отыру адамды қаржылық еркіндікке жақындатады.
Экономист бұл ұстанымның негізін ежелгі Вавилоннан бастайды. Ол байлығының сырын былай түсіндіреді:
«Ежелгі Вавилонда Аркад деген бай адам болған. Ол байлығының себебін бір ғана ережемен түсіндірген. Табатын табысыңның бір бөлігі міндетті түрде өзіңе тиесілі. Оны өзің үшін сақтауың керек. Бұл сәттілік емес. Бұл тәртіп. Алдымен өзіңе төле».
Бұл қағида тым оңай көрінетіндіктен, көп адам оны елемейді. Алайда дәл осы қарапайым әдет ұзақ мерзімде үлкен нәтиже береді. Экономист неге дәл 10 пайыз таңдалғанын да түсіндіреді:
«10 пайыз бекер алынған сан емес. Одан аз жинасаң өзгерісті байқамайсың. Ал одан көп жинау көп адамға қиын. 10 пайыз көзге көрінетін нәтиже береді және психологиялық тұрғыдан ауыр емес».
Мысалы, айлығы 300 мың теңге адам ай сайын 30 мың теңгені бірден бөлек шотқа аударып отырса, уақыт өте нақты жинақ қалыптасады. Маңыздысы бұл ақшаны алдымен бөліп, тек қалған қаражатпен күнделікті шығындарды өтеу. Экономист мұны «алдымен өзіңе төлеу» қағидасы деп атайды.
Маманның айтуынша, бұл әдісті кемінде 30 күн тұрақты ұстану адамның қаржыға деген көзқарасын өзгертеді:
«Егер әр табыстан 10 пайыз жинап отырсаң, алғашқы капиталың пайда болады. Айлықтан айлыққа өмір сүру азаяды. Шығынды емес, жинақты көре бастайсың».
Үш айдан кейін адам өз қаржысын бақылап отырғанын сезінеді. Ал бір жылдан соң жиналған қаражат жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ақша тек жиналып қана қоймай, жұмыс істей бастайды.
Руслан Сұлтанов өз тәжірибесінен нақты мысал келтіреді:
«Менің Айдар деген танысым болды. Жыл басында оның жинағы нөл еді. Айлығы 420 мың теңге. Бірақ шығыны да соған тең болатын. Ай сайын ақшасы таусылып қалатын. Ол 10 пайыз жинау әдетін бастады. Айдардың бастапқы жағдайы қиын болған. Ай соңында картасында ақша қалмайтын. Үнемі қаржылық күйзеліс сезінетін. Үлкен шығыннан қорқатын. Алты айдан кейін жағдайы түбегейлі өзгерген. Ол 252 мың теңге жинап, оның 80 мың теңгесін 12 пайыздық депозитке салған. Алғашқы пассив табыс пайда болып, өзіне деген сенімі артқан», дейді сарапшы.
Экономист бұл әдетті қалыптастыру үшін нақты қадамдар ұсынады. Алдымен бөлек есепшот ашу керек. Ол жерге тек 10 пайыз аударылады. Ақшаны табыс түскен күні бірден жіберу қажет. Ай соңында қалса деп күтпеу керек. Бұл қаражатты тұрмыстық ұсақ-түйекке жұмсамау керек. Тек инвестицияға немесе маңызды мақсатқа бағыттау қажет. Әр жинақты жазып отыру да маңызды.
Маман қарапайым есеп арқылы бұл тәсілдің тиімділігін көрсетеді. Егер адамның айлығы 400 мың теңге болса, ай сайын 40 мың теңге жинайды. Бір жылда бұл 480 мың теңге болады. Егер оны 10 пайыздық табыспен орналастырса, жылына 48 мың теңге қосымша пайда түседі. Ал бірнеше жыл ішінде қайта инвестициялау арқылы бірнеше миллион теңге капитал жинауға болады.
Р.Сұлтанов бұл әдістің табысты болу себебін үш фактормен түсіндіреді:
«Психология жағынан адам айлығының 10 пайызы жоқ деп қабылдай бастайды. Соған бейімделеді. Экономика жағынан ақша саған жұмыс істейді. Тәртіп қалыптасады. Табыс өскен сайын жинақ та өседі».
Сөз соңында экономист мынадай тұжырым жасайды:
«Егер адам өзіне бірінші болып төлемесе, бай болу қиын. Бұл заң ежелгі Вавилонда да жұмыс істеді. ХІХ ғасырдағы Лондонда да болды. Қазіргі Қазақстанда да солай».