Қазір көпшілік инвестиция туралы ойлана бастады. Себебі ақша бұрынғыдай өзінен-өзі сақталмайды. Ал 2026 жыл тіпті мұқият болуды талап етеді, деп жазады Ozgeris.info.
Сарапшылардың пікірінше, 2025 жыл халық үшін жеңіл жыл болды. Көп адам банктегі депозитке ақша салып, ай сайын пайызын алып отырды. 18-20% табыс көргендер болды. Қиын есеп те жоқ, тәуекел де аз. Бірақ мұндай жағдай әрдайым бола бермейді. Ақша нарықтың заңымен жүреді. Ал нарық өзгеріп келеді. Инвестор Аман Әлімбаевтың айтуынша, депозитке сеніп отыратын уақыт аяқталып келеді.
«2025 жылы ақша табу оңай болды. Депозитке салдың, жоғары пайыз алдың. Бірақ 2026 жылы бұл мүмкіндік біртіндеп жабылады. Әлемде пайыздық мөлшерлемелер төмендей бастады. Сондықтан депозиттер бұрынғыдай мол табыс әкелмейді. Барлық ақшаны теңгедегі депозитте ұстай беру енді дұрыс шешім болмайды», дейді ол.
Яғни, банкке ақша салып қою жеткілікті дейтін кезең артта қалып барады. Енді ойлану керек. Ақшаны қалай орналастыру тиімді екенін есептеу қажет. Аман Әлімбаев алдағы жылдары облигацияға көңіл бөлу керек екенін айтады. Қарапайым тілмен айтсақ, облигация дегеніміз мемлекетке немесе компанияға қарыз беру. Олар сол қарыз үшін пайыз төлейді. Қазір әлемде дәл осындай құралдар тиімді болып тұр. Себебі пайыз да бар, ал уақыт өте олардың бағасы да өсуі мүмкін.
«Қазір облигация нарығында сирек кездесетін кезең басталды. Купон да бар, баға да өсуі мүмкін. Әсіресе доллармен шығарылған корпоративтік облигациялар қызық. 6-7,5% тұрақты табыс береді. Пайыз төмендеген сайын бұл қағаздар қымбаттайды. Сондықтан 2026-2027 жылдарға бұл ең теңгерімді шешімдердің бірі. Бұл әсіресе тәуекелден қорқатын, бірақ ақшасын өсіргісі келетін адамдарға қолайлы. Яғни қатты құбылмайды, бірақ табыс береді», дейді инвестор.
Ал акция нарығына келгенде асығыстыққа жол жоқ. Иә, пайыз төмендеген кезде акциялар көбіне өседі. Бірақ бір елдің немесе бір компанияның акциясына бәрін салу қауіпті. Бір ғана нарыққа сеніп отыру дұрыс емес. АҚШ болсын, Қазақстан болсын немесе Қытай болсын, бір жерге шоғырлану қауіпті. Кейде жылдар бойы акция өспей тұруы мүмкін. Сондықтан елдер бойынша таратып, жүйемен инвестициялау керек. Қарапайым айтсақ, барлық жұмыртқаны бір себетке салмау керек. Бір жерден ұтылсаң, екінші жақтан теңелуі мүмкін.
Алтынға келгенде де аяқты аңдап басқан жөн. Көп адам алтынды ең сенімді актив деп ойлайды. Бірақ инвестор бұл жерде де салқын көзқарас ұсынады.
«Алтын табыс әкелмейді. Ол пайыз да төлемейді, дивиденд те бермейді. Ол тек сақтандыру үшін керек. Қорқыныш күшейгенде алтын өседі. Бірақ портфельдің 5-15% ғана алтын болуы керек. Одан көп болса, бұл инвестиция емес, мөлшерлемеге айналады. Жылжымайтын мүлікке келсек, қазір бұл нарықта асықпау керек. Баға шынайы табысқа сай емес. Сұраныс жасанды түрде ұсталып тұр. Сондықтан бұл салада қазір күту дұрыс», дейді А. Әлімбаев.
Криптовалюта болса өз мінезін тағы көрсетті. 2025 жылы биткоин бірде қатты өсті, бірде қатты құлады. Көп адам пайда тапты, көп адам шығынға батты.
«Криптовалюта өсуі де мүмкін, құлауы да мүмкін. Бірақ ол қорғаныш актив емес. Нарық құласа, крипта одан да тез құлайды. Сондықтан портфельде 5-10% ғана болуы керек. Яғни криптаға барлық үмітті арту қауіпті. Ол тек қосымша құрал ретінде қарастырылуы керек. 2026 жылға арналған басты ой да қарапайым. Ақшаны жүйемен басқару керек. Бір құралға сеніп қалмау қажет. Артық шығыннан қашу керек. Комиссия мен салықты да есептеу маңызды. Инвестиция деген жарыс емес. Ай сайын бәрінен озу міндет емес. Инвестиция деген өз жағдайыңа сай құрылған ұзақ мерзімді жоспар. Ол келесі жылы да, 5 жылдан кейін де, 20 жылдан соң да жұмыс істеуі керек. Ал әр жыл сайын «ең құпия активті» іздеп жүргендер, әдетте сол активті сатып отырғандардың пайдасына жұмыс істеп кетеді», дейді инвестор.