2025 жыл ел экономикасы үшін өсіммен аяқталды. Ұлттық статистика бюросы ұсынған алдын ала деректерге сәйкес, қаңтар мен желтоқсан аралығында елдің жалпы ішкі өнімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға артты. Бұл көрсеткіш экономиканың негізгі салаларында қозғалыс бар екенін көрсетті, деп жазады Ozgeris.info.
Экономикалық өсім Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған шаралармен байланысты. Үкімет экономиканы әртараптандыру бағытын жалғастырып, бір ғана салаға тәуелділікті азайтуға күш салды. Соның нәтижесінде өткен жылы экономиканың алға жылжуына көлік, құрылыс және сауда салалары негізгі үлес қосты.
Өнеркәсіп саласы да жылды өсіммен жапты. Өнеркәсіп өндірісінің индексі 7,4 пайызды құрады. Өңдеу секторы 6,4 пайыз деңгейінде тұрақты өсім көрсетті. Бұл өсім азық түлік өндірісінің 8,1 пайызға, өңделген мұнай өнімдерінің 5,9 пайызға, химия өнеркәсібі өнімдерінің 9,8 пайызға, металлургияның 1,2 пайызға және машина жасау өнімдерінің 12,9 пайызға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Өнеркәсіптегі оң динамика Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Түркістан облыстарында, сондай ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында байқалды.
Көлік және қоймалау саласы 2025 жылы ең жоғары өсім көрсеткен бағыттардың бірі болды. Жыл қорытындысы бойынша бұл саладағы өсім 20,4 пайызды құрады. Мұндай нәтиже жүк тасымалы көлемінің артуымен, әсіресе автомобиль және теміржол көлігі арқылы тасымалдаудың ұлғаюымен байланысты. Сонымен қатар бірқатар өңірде жолаушылар тасымалы да артты. Қосымша көлік қызметтерінде де қозғалыс байқалды. Оның ішінде жүктерді экспедициялау, әуе қозғалысын басқару, әуежайлар, қоймалар мен пакгауздардың жұмысы, астық сақтау және салқындатылған жүктерді тасымалдау көлемі өсті.
Құрылыс саласы да қарқынды дамыды. 2025 жылы бұл саладағы өсім 15,9 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш қаңтар мен қараша айларындағы 14,7 пайыздан жоғары. Өсімнің негізгі себебі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асуы болды. Жайлы мектептер, медициналық нысандар, көлік және инженерлік инфрақұрылымдар салынды. Қаңтар мен желтоқсан аралығында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 20,1 млн шаршы метрге жетті. Бұл 2024 жылғы деңгейден 5,1 пайызға жоғары.
Сауда саласында да оң серпін сақталды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өсім 8,9 пайызды құрады. Сауда көлемінің негізгі бөлігін, жалпы көлемнің үштен екісінен астамын көтерме сауда қамтамасыз етті. Көтерме саудадағы өсімге астық, тұқым және мал азығын сататын кәсіпорындар 2,6 есе, машиналар мен жабдықтар 99,8 пайыз, фармацевтикалық тауарлар 44,1 пайыз, автомобильдер мен жеңіл автокөлік құралдары 33 пайыз, сүт өнімдері, жұмыртқа мен майлар 25,8 пайыз, қант, шоколад және қантты кондитерлік өнімдер 21,2 пайыз, кең ассортименттегі тауарлар 12,5 пайыз әсер етті.
Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында өсім 5,9 пайызды құрады. Бұл нәтиже өсімдік шаруашылығындағы 7,8 пайыздық және мал шаруашылығындағы 3,3 пайыздық оң динамикамен қамтамасыз етілді. Ақпарат және байланыс саласында да өсім бар. Бұл бағыттағы көрсеткіш 3,6 пайызды құрады.
Экономист Айбар Олжаев 2025 жыл Қазақстан үшін маңызды кезең болғанын айтады. Айбар Олжаевтың айтуынша, бұл нәтиже Үкіметтің Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындағанын білдіреді. Өткен жылы экономикалық өсімге негізгі үлесті көлік, құрылыс және сауда салалары қосты. Бұл салалар күнделікті өмірмен тығыз байланысты болғандықтан, олардың дамуы жалпы экономиканың бағытын айқын аңғартады.
«Қазақстан экономикалық дамудың сапалы кезеңіне ауысып отыр. Енді ішкі жалпы өнімді мұнай бағасының қымбаттауы немесе өндірістің көбеюі емес, өңдеу, логистика, құрылыс сияқты сапалы индикаторлар өсіріп отыр. Бұл экономиканың құрылымы өзгеріп жатқанын көрсетеді. Ендігі ең басты сұрақ, осы қарқынды биыл сақтай аламыз ба, жоқ па. Негізгі назар енді осыған ауысады», дейді ол.