Қоғам

«18 адам қаза болды»: Білмегенін білгендей айтқан жауапқа тартылды

«18 адам қаза болды»: Білмегенін білгендей айтқан жауапқа тартылды

Семей қаласындағы «Bala Park» балалар ойын-сауық орталығындағы өрттен кейін әлеуметтік желіде 18 адам көз жұмды деп жалған ақпарат таратқан әйел 86 500 теңге айыппұл арқалады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Абай облыстық прокуратурасының мәліметінше, биылғы 3 наурызда аталған орталықта өрт шығып, арнайы қызметтердің жедел әрекетінің арқасында ешкім зардап шекпеді.

Алайда бір әйел Instagram желісіндегі парақшалардың бірінде адамдардың қаза тапқаны туралы шындыққа жанаспайтын пікір жариялап, халық арасында негізсіз үрей туғызды.

Құзырлы органдар қоғамдық тәртіпті бұзуға әкеп соғуы мүмкін мәліметті таратқан күдіктіні жедел анықтап, әкімшілік іс қозғады.

Сот отырысында ол өз кінәсін толық мойындады. Судья 18 наурызда әйелге жалған ақпарат таратқаны үшін 86 500 теңге айыппұл салды.

Еске салайық, 3 наурыз күні кешке «Bala Park» орталығы өртенген кезде құтқарушылар жеткенше ғимаратты от шарпып үлгерген. 

Төтенше жағдайдан кейін 6 адам медициналық көмекке жүгінді. Оқиға орнында 2 ересек пен 1 бала дәрігер көмегінен бас тартса, иіс тиген 1 адам ауруханаға жатты. Ал ата-анасы облыстық ауруханаға апарған тағы 2 баланы дәрігерлер тексеріп, жағдайы жақсы болған соң үйіне қайтарды.

Барлық жаңалық