Жаңалықтар

Зиратқа апарып ұрып-соққан: Атыраулық блогердің оқиғасына байланысты сот басталды

Зиратқа апарып ұрып-соққан: Атыраулық блогердің оқиғасына байланысты сот басталды

Атырауда бір ай бұрын өзіне екі қыз тарапынан шабуыл жасалып, қала сыртына күштеп алып кеткенін айтқан блогер Құралай Болатованың ісі бойынша сот тыңдауы басталды, деп хабарлайды ozgeris.info.

Құралай Болатованың сөзінше, оқиға 3 қазан кешінде болған. Екі қыз оны «сөйлесу керек» деген желеумен кафеден шығарып, көлікке отырғызған. Кейін қала сыртындағы зиратқа апарып, соққыға жыққан және түрлі қорлық көрсеткен.

«Мені алдап алып кетті, ұрып-соқты. Бұл оқиғаны назарсыз қалдыра алмаймын. Кінәлілер міндетті түрде жазалануы тиіс. Неліктен іс тек 108-баппен қозғалды? Мені көлікке күштеп отырғызып, адам жоқ жерге апарды. Бұл неге адам ұрлау ретінде қарастырылмайды? Заң бәріне бірдей болуы керек», – деп мәлімдеген болатын блогер.

Соған қарамастан, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 108-бабы – «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша ғана тіркелген.

Жәбірленушінің айтуынша, жанжал оған қыздар арқылы сатып алып, парақшасында жарнамалаған туристік турдың өтпей қалуынан басталған. Тур болмаған соң, Құралай 100 мың теңге ақшасын қайтаруды талап еткен. Ал күдікті қыздар жағдайды «осылай шешкіміз келді» деп түсіндірген.

Бүгінгі сотта оқиғаның барлық деталдері, тараптардың түсініктемелері мен күдіктілердің әрекетіне берілетін құқықтық баға қарастырылып жатыр. Болатова мен оның өкілдері оны күштеп алып кету және зорлық көрсету деректеріне сүйене отырып, істі ауыр бапқа ауыстыруды талап етуде.

Барлық жаңалық