1 қаңтардан бастап елімізде зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар көбейді. Өзгеріс бір ғана санмен шектелмейді, деп жазады Ozgeris.info.
Биыл 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық және ынтымақты зейнетақылар 10%-ға артты. Бұл өсім Ұлттық Банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес жасалды. Яғни, баға қымбаттаған сайын, халықтың табысы да соған ілесіп өсуі үшін қабылданған шешім.
Бұл өзгерістің артында ұзақ мерзімді жоспар бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап 5 жыл ішінде базалық зейнетақы біртіндеп өсіп келеді. Жоспар бойынша ең төменгі базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғарысы 120%-ына дейін жеткізілуі тиіс. Қазір осы межеге жыл сайын жақындап келеміз.
Соның нәтижесінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге болды. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы. Ал базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері бұрынғы 110% дан 118% ға өсіп, 60 005 теңгеге жетті.
Енді нақты өмірден мысал келтірейік. 2019 жылы зейнетке шыққан, жасы 70-те болған зейнеткер 2025 жылы бюджеттен жалпы 171 588 теңге алып келген. Оның ішінде базалық зейнетақы 50 851 теңге, ал ынтымақты зейнетақы 120 737 теңге болған. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап осы зейнеткердің жалпы зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін өседі. Оның 60 005 теңгесі базалық зейнетақы, 132 811 теңгесі ынтымақты зейнетақы болады. Бұл сомаларға БЖЗҚ дан төленетін жинақтаушы зейнетақы кірмейді, ол бөлек есептеледі.
Зейнеткерлермен қатар мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтарға да өзгеріс бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақылардың бәрі 10%-ға көбейді.
Бала тууына байланысты берілетін бір реттік жәрдемақы да артты. 1, 2, 3 бала туғанда берілетін төлем 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін өсті. Ал 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін көбейді.
Көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы жәрдемақы да ұлғайды. 4 баласы бар отбасылар бұрын 63 030 теңге алса, енді 69 330 теңге алады. 10 баласы бар отбасылар үшін бұл төлем 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін артты.
Мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақылар да өсті. I топтағы мүгедектігі бар адамдар бұрын 101 702 теңге алса, енді 111 872 теңге алады. II топтағылардың жәрдемақысы 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін көбейді. III топтағы азаматтар үшін төлем 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге жетті.
Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер де 10%-ға артты. Бұл асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайына байланысты төленетін қаражат. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтарға мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша ретінде беріледі.