Кейінгі отыз жылда Қазақстан индустрияландыруды экономиканы әртараптандырудың басты бағыты ретінде қарастырып келеді. Осы уақыт аралығында ондаған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жүздеген жоба қаржыландырылды. Алайда соған қарамастан ел экономикасы әлі күнге дейін шикізат секторына тәуелді, деп жазады Ozgeris.info.
EconomyKZ сарапшысы, экономист, «Қазақстанның ФармМедИндустриясы» қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов индустрияландыру нәтижесін бағалауда жіберілген негізгі қателікке назар аударады.
«Қазақстанда индустрияландыру көбіне салынған зауыттардың саны, тартылған инвестиция көлемі немесе құрылған жұмыс орындары арқылы бағаланып келді. Бұл көрсеткіштер есеп беруге ыңғайлы болғанымен, олар экономиканың шынайы сапалық өзгерісін көрсете бермейді. Өйткені зауыт салу мен өндірістік экономика қалыптастыру екі түрлі нәрсе. Кәсіпорынды бірнеше жылда тұрғызуға болады. Ал өнімділік мәдениетін, технологиялық базаны және өндірістік құзыреттерді қалыптастыру үшін ондаған жыл қажет. Өндіріс нақты өсім көзіне тек оның айналасында жеткізушілер, технологиялық орта, мамандар шоғыры және бәсекелі экожүйе қалыптасқанда ғана айналады», дейді сарапшы.
Қосылған құн қайда қалып жатыр?
Сарапшының пікірінше, Қазақстандағы көптеген өндіріс орындары сырт көзге жұмыс істеп тұрғанымен, олардың едәуір бөлігі шетелдік технология мен импорттық компоненттерге тәуелді.
«Көп жағдайда біз өндірістің өзін құрдық, бірақ оның тереңдігін қалыптастыра алмадық. Бірқатар салада құрал-жабдық та, технология да, негізгі компоненттер де сырттан келеді. Соның салдарынан өндірілген өнімнің қосылған құнының едәуір бөлігі ел ішінде емес, шетелде қалыптасады. Кәсіпорын жұмыс істейді, өнім шығарады, жұмыс орындарын ашады. Бірақ ол экономиканың құрылымын түбегейлі өзгертетін деңгейге жете алмайды. Сондықтан өндірістің болуы мен өндірістік экономиканың қалыптасуы бір ұғым емес», дейді Руслан Сұлтанов.
Қытай тәжірибесі нені көрсетеді?
Көп жағдайда Қазақстан өндірісті бірден тиімді етуге тырысты. Ал әлемдік тәжірибе бұған қарама-қарсы жолды көрсетеді.
«Ұзақ уақыт бойы біз әр жобадан алғашқы күннен бастап тиімділік күттік. Тәуекелді барынша азайтуға тырыстық. Ал өндірістік державалардың тәжірибесіне қарасақ, олар алдымен ауқым қалыптастырды. Мысалы, Қытай жылдар бойы өндіріс көлемін ұлғайтуға басымдық берді. Кейбір кезеңде өндірістік қуаттар ішкі сұраныстан асып түсті. Бірақ олар мұны қателік емес, тәжірибе жинау кезеңі ретінде қабылдады. Уақытша тиімсіздік өндірістік негіз қалыптастырудың құны саналды. Қазақстан болса осы кезеңнен аттап өтуді қалады. Соның салдарынан көптеген өндіріс қажетті көлемге жетпей тұрып тоқырап қалды», дейді сарапшы.
Байлықты зауыт емес, өнімділік қалыптастырады
Руслан Сұлтановтың айтуынша, өндіріс көлемі өздігінен мемлекетті байыта алмайды. Негізгі мәселе – өнімділікте.
«Екі кәсіпорын бірдей өнім шығаруы мүмкін. Қызметкерлер саны да, өндіріс көлемі де ұқсас болуы ықтимал. Бірақ бір зауыт өнімнің басым бөлігін ел ішінде жасап, жоғары қосылған құн қалыптастырады. Екіншісі импортталған бөлшектерді құрастырумен ғана шектелуі мүмкін. Статистикада екеуі де өндіріс ретінде көрінеді. Бірақ экономикаға беретін әсері мүлде бөлек. Сондықтан байлықтың көзі зауыттардың саны емес, сол зауыттардың қаншалықты өнімді жұмыс істейтіні және қанша құнды ел ішінде қалдыратыны», дейді ол.
Мемлекеттік қолдау өнімділікті алмастырмауы керек
Соңғы жылдары мемлекет өнеркәсіпті қолдау көлемін арттырды. Бірақ сарапшының пікірінше, қолдаудың көбеюі автоматты түрде құрылымдық өзгеріске әкелмейді.
«Мемлекеттік қолдау бизнестің тәуекелін азайтып, тұрақтылығын сақтауға көмектеседі. Бірақ ол әрдайым технологиялық жаңаруға немесе тиімділіктің өсуіне түрткі бола бермейді. Кей жағдайда компаниялар бәсекеге бейімделудің орнына қолдауға бейімделе бастайды. Сонда өнімділік өсімінің орнын субсидия көлемінің өсуі басады. Бұл ұзақ мерзімде қауіпті үрдіс. Өйткені экономиканың ішкі логикасы өзгермейді», дейді Руслан Сұлтанов.
Ендігі міндет – зауыт салу емес, құн қалыптастыру
Сарапшының пікірінше, Қазақстандағы индустрияландырудың келесі кезеңі жаңа кәсіпорын ашумен өлшенбеуі тиіс.
«Бүгінде басты сұрақ тағы қанша зауыт салатынымызда емес. Негізгі мәселе – жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қаншалықты құн қалыптастыратынында. Жергіліктендіру деңгейі қандай? Қанша технология меңгерілді? Қанша жаңа құзырет пайда болды? Қосылған құнның қанша бөлігі ел ішінде қалды? Болашақта өнеркәсіп саясаты дәл осы сұрақтарға жауап беруі керек. Өйткені мемлекеттер зауыттардың көптігінен емес, білімнің, технологияның және өнімділіктің жоғары болуынан байиды», деп түйіндеді Руслан Сұлтанов.