🤖 Digital

Мемлекет алгоритмдерге көшіп жатыр: Қазақстан 2029 жылға дейін цифрландыруды қалай өзгертеді?

Мемлекет алгоритмдерге көшіп жатыр: Қазақстан 2029 жылға дейін цифрландыруды қалай өзгертеді?
Қазақстан цифрландырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Енді әңгіме жекелеген электронды қызметтерді іске қосу туралы емес, мемлекеттік басқару мен экономиканың күнделікті процестерін жасанды интеллект арқылы қайта құру туралы болып отыр. 2029 жылға қарай азамат мемлекеттік қызметті бұрынғыдан екі есе жылдам алуы, студент жасанды интеллект құралдарын еркін қолдануы, дәрігер деректерге сүйеніп шешім қабылдауы, ал жол мен энергетикалық нысандардың жағдайы алгоритмдер арқылы алдын ала бақылануы тиіс. Бұл өзгерістердің ауқымы қандай және олардың қарапайым азаматқа әсері қандай болады? 
 
Қазақстан Үкіметі Президенттің «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қолқойды. Құжат азаматтар мен бизнеске арналған цифрлық сервистерден бастап білім беру, денсаулық сақтау, көлік, энергетика, өнеркәсіп және мемлекеттік аппаратқа дейінгі бағыттарды қамтиды. Бұл жерде маңызды мәселе бар. Қазақстан енді цифрландыруды тек «қағаз құжаттыэлектронды форматқа көшіру» ретінде қарастырмайды. Келесі кезеңнің логикасы — процестің өзін автоматтандыру, деректерді біріктіру және шешім қабылдауға жасанды интеллектіні тарту.  
 
Мемлекеттік қызмет: азаматтың әрекеті азаяды  
 
Digital Qazaqstan жоспарының азамат үшін ең сезілетін нәтижелерінің бірі — мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын алу уақытын қысқарту. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау көрсету уақыты кемінде 50%-ға қысқаруы тиіс. Ол үшін жасанды интеллект, проактивті қызметтер, автоматты түрде қол қою және процестерді автоматтандыру кеңінен қолданылмақ. Бұл өзгерістің мәні — азаматтың мемлекетке баруы емес, мемлекеттің азаматқа қажетті қызметті алдын ала ұсынуы. Мысалы, адамның белгілі бір әлеуметтік көмекке құқығы ақпараттық жүйелердегі деректерарқылы анықталса, болашақта азаматтан бірнеше анықтама жинап, әртүрлі мекемеге өтініш беру талап етілмеуі мүмкін. Жүйе қажетті ақпаратты өзітексеріп, қызметті автоматты түрде ұсынатын модельге жақындайды. Алайда мұндай модельдің екінші жағы да бар. Мемлекет азамат туралы неғұрлым көп дерек жинаған сайын, сол деректердің қауіпсіздігі мен оларды кімнің, қандай мақсатта пайдаланатыны маңызды бола түседі. Сондықтан цифрландырудың жылдамдығымен қатар дербес деректерді қорғау мәселесі де бірінші орында тұруы керек.  
 
Білім беру: жасанды интеллект қарапайым құралға айналады  
 
Digital Qazaqstan-ның ең ауқымды бағыттарының бірі — білім беру. 2029 жылға қарай мектеп, колледж және жоғары оқу орындарын тәмамдайтын жастардың кемінде 80%-ы жасанды интеллектпен жұмыс істеудің базалық дағдыларын меңгеруі тиіс. Ал 2028 жылға қарай колледждер мен жоғары оқу орындарының кемінде 80%-ында білім беру процесіне AI-технологиялар енгізілуі жоспарланып отыр. Оқу бағдарламалары еңбек нарығы мен экономиканың жаңа қажеттіліктеріне бейімделмек. Бұл жерде мәселе студенттердің ChatGPT немесе басқа да құралдарды пайдалануды үйренуімен ғана шектелмейді. Жаңа модельде маңыздысы — жасанды интеллект берген ақпаратты тексеру, дұрыс сұрақ қою, деректерді талдау, алгоритмнің қателесу мүмкіндігін түсіну және AI көмегімен нақты мәселені шеше білу. Яғни бірнеше жылдан кейін «компьютерді білу» қандай базалық талап болса, AI сауаттылығы да сондай қалыпты құзыретке айналуы мүмкін. Бұл мұғалімдердің рөліне де әсеретеді. Педагог енді тек ақпарат беруші емес, жасанды интеллектіні дұрыс қолдануды үйрететінмаманға айналуы керек. Сондықтан AI-SANA аясындағы студенттерді даярлауымен қатар педагогтердің біліктілігін арттыруы стратегиялық мәнге ие.
 
Осыған қатысты ұстаз Әділет Әндіжанов жасанды интеллектіні мектеп қабырғасынан бастап оқытудың маңызын атап өтті.  
«Мектептерде жасанды интеллектіні оқытқан дұрыс деп есептеймін. Себебі бала AI құралдарын мектеп жасынан меңгерсе, болашақта жасанды интеллект әлеміне үлкен өзгеріс алып келе алады. Бізде жасанды интеллект баланы еріншек етіп жібереді деген түсінік бар. Меніңше, бұл — қазіргі заман үшін ескірген көзқарас. Адам уақытын тиімді пайдалану үшін жасанды интеллектіні қолдануы керек. Балаларға да осыны үйреткен жөн.Керісінше, дұрыс қолданылған жағдайда ЖИ баланың ізденісін арттыра алады. Бала дайын жауапты ғана іздемей, ақпаратты салыстырып, талдап, жаңа идея ұсынуға үйренеді. Ең бастысы — жасанды интеллект баланың ойлау қабілетін алмастырмауы, керісінше оның мүмкіндігін кеңейтуі керек. Әлемді бағындыру үшін міндетті түрде күні-түні тер төгіп, қағазға бір нәрсе жазып отыру шарт емес. Қазіргі заманда уақытты үнемдеп, технологияны дұрыс пайдалана отырып та үлкен нәтижеге жетуге болады. Сондықтан балалардың ойы мен ізденісін шектемей, оны қолдауымыз керек. Осы ретте жасанды интеллект балаға жақсы көмекші бола алады. Біздің міндетіміз — баланы ЖИ-ден қорқыту емес, оны дұрыс әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйрету», — дейді ұстаз.  
 
Медицина: диагноздан бұрын дерек сөйлейтін кезең  
 
Денсаулық сақтау жүйесінде цифрландырудың негізгі бағыты — медициналық деректерді біржүйеге біріктіру және пациенттің медициналық ұйымға физикалық бару қажеттілігін азайту. Үкімет жоспары бірыңғай деректерді басқару жүйесіне көшуді, цифрлық медициналық сервистердің санын арттыруды және клиникалық шешім қабылдау кезінде жасанды интеллектіні кеңірек пайдалануды көздейді. Бұл дәрігерді алгоритммен алмастыру деген сөз емес. Керісінше, дұрыс құрылған жүйеде AI дәрігердің көмекшісіне айналады: медициналық тарихты талдайды, зерттеу нәтижелерін салыстырады, тәуекелдерді анықтауға көмектеседі. Мұндай технологияның тиімділігі ең алдымен деректердің сапасына байланысты. Әртүрлі медициналық ұйымдардағы ақпарат бір-бірімен толық үйлеспесе немесе деректер қате енгізілсе, ең озық алгоритмнің өзі сапалы нәтиже бере алмайды. Сондықтан Қазақстан үшін келесі кезеңдегі басты міндеттердің бірі — жай ғана медициналық ақпаратты цифрландыру емес, оны стандарттау және өзара үйлесімді ету.
 
Осыған қатысты травматолог-хирург Думан Мақсот медицина саласында жасанды интеллектінің дамуы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, пациенттердің өмірін сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. 
«Медицина саласында жасанды интеллект дамыса, бұл біз үшін үлкен мүмкіндік болар еді. Ең бастысы — аман қалатын пациенттердің қатары көбейер еді деп ойлаймын. Медицинада уақыт факторы өте маңызды. Кей жағдайда науқасқа көмекті бірнеше минут немесе сағаттың ішінде көрсету қажет болады. Осындай сәттерде жасанды интеллект дәрігерге қажетті ақпаратты жылдам талдауға, жағдайды бағалауға және дұрыс шешім қабылдауға көмектесе алады. Егер AI осындай процестерде бізге көмекші болса, дәрігерлердің жұмысы біршама жеңілдер еді. Соның нәтижесінде пациентке көрсетілетін медициналық көмектің жылдамдығы мен сапасы да арта түседі. Әрине, жасанды интеллект дәрігерді толық алмастыруы керек деген сөз емес. Керісінше, ол дәрігердің мүмкіндігін кеңейтетін құрал болуы қажет. Дәрігердің тәжірибесі мен кәсіби шешімі және жасанды интеллектінің жылдам талдауы бір-бірін толықтырса, медицинадағы нәтижелер де жақсара түсер еді», — дейді травматолог-хирург.  
Энергетикада жаңа мамандықтар пайда болады  
 
Жасанды интеллектінің экономикаға енуі еңбек нарығын да өзгертеді. Мұның нақты мысалы — энергетика. Қазақстанның Энергетика министрлігі «Энергетикадағы цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану» кәсіби стандартын бекітті. Құжатта жаңа кәсіптер қарастырылған. Олардың қатарында зияткерлік желілерді жобалаушы, энергетикалық жүйелерге Smart Grid негізінде AI әзірлеу және енгізу инженері, энергетикалықжелілердің киберқауіпсіздігі жөніндегі маман бар. Бұл — цифрландырудың еңбек нарығына әсерінің нақты көрсеткіші. Энергетикадағы цифрлық жүйелер электр энергиясын өндіру мен таратуды ғана емес, нысандардың жағдайын бақылауды, ақауларды ерте анықтауды және ресурстарды тиімді басқаруды қамтиды. Digital Qazaqstan жоспарына сәйкес, 2029 жылға қарай отын-энергетика кешені активтерінің кемінде 70%-ын цифрлық мониторингпен қамту жоспарланған. Бұл жабдықтың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға және сенімділікке төнетін тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Демек, болашақ энергетик адамаманның жұмысы тек жабдықты жөндеумен шектелмейді.
Ол деректермен, автоматтандыру жүйелерімен, Smart Grid және жасанды интеллект шешімдерімен жұмыс істеуі керек.  
 
Көлік саласында алгоритмдер қазірдің өзіндежұмыс істеп тұр  
 
Цифрландырудың ең көрнекі мысалдарының бірі — көлік саласы. Қазір Қазақстанда жолдарды бақылауға арналған e-Joldar, халықаралық жүк ағындарын қадағалайтын Smart Cargo, авиациядағы биометриялық Q-Gate, теміржолдағы KinetiX және пойыз қозғалысын оңтайландыруға арналған Trip Optimizer сияқты жүйелер енгізілуде. Мысалы, e-Joldar жүйесі жолдардың жағдайын, қолданылатын материалдардың сапасын және жөндеу шығындарын бақылауға мүмкіндік береді. Қазір республикалық маңызы бар 41 мың шақырымнан астам жол цифрландырылған, ал жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 185 мың шақырым болатын елдің барлық жол желісін цифрлық бақылаумен қамту жоспарланған. Бұл жерде технологияның маңызды ерекшелігі — мәселені болғаннан кейін тіркеу емес, оны алдын ала болжауға көшу. Яғни алгоритм жолдың қай учаскесінде ақау пайда болуы ықтимал екенін анықтап, жөндеу жұмыстарының қажеттілігін алдын ала көрсетуге мүмкіндік береді.  
 
Әуежайда адамның орнына биометрия келеді  
 
Авиация саласында цифрлық технологияныңәсерін жолаушы қазірдің өзінде сезіне алады. Q-Gate терминалдары жолаушыны төлқұжат пен бет биометриясы арқылы тексереді. Қазір мұндай терминалдар Қазақстанның 11 өткізу пунктінде жұмыс істейді. Барлығы 54 терминал орнатылған, ал 2028 жылға дейін тағы 198 терминал орнату жоспарланған. Жүйе жолаушыны шамамен 15–50 секундта тексереді. Әзірлеушілердің мәліметінше, 200 жолаушыдан тұратын рейсті дәстүрлі тәсілментексеру шамамен 30 минут алса, Q-Gate арқылыбұл процесс шамамен 7 минутқа дейін қысқарады.Мұндағы негізгі өзгеріс — азаматтың құжатпен қызметкерге жүгінуінен биометриялық сәйкестендіруге көшу. Бұл үрдіс алдағы уақытта басқа да мемлекеттік және коммерциялық сервистерге таралуы мүмкін.  
 
Теміржолда адам көзі емес, сенсорлар бақылау жасайды  
 
Теміржол саласында да автоматтандыру күшейіп келеді. KinetiX жүйесі теміржол құрамының жағдайын жанаспай диагностикалауға мүмкіндік береді. Ал Trip Optimizer пойыздың салмағын, жол профилін және жылдамдық шектеулерін ескере отырып, қозғалысты автоматтандыруға бағытталған. Мұндай технологиялардың экономикалық мәні де бар. Егер пойызды тексеруге кететін уақыт қысқарса, өткізу қабілеті артады. Ал ақауды ерте анықтау апат қаупін азайтып, жөндеу шығынын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл жерде AI-дың басты құндылығы — «ақылды» болғанында емес, үлкен көлемдегі деректерден адам бірден байқай алмайтын заңдылықтарды табуында.  
 
Smart Cargo: шекарадағы кезек те цифрланбақ  
 
Қазақстан үшін көлік цифрландыруының тағыбір маңызды бағыты — транзит. Smart Cargo халықаралық жүк тасымалдарын «бір терезе» қағидаты бойынша бақылауға мүмкіндік береді. Платформа 58 ақпараттық жүйенің деректерін біріктіріп, жүк қозғалысын онлайн қадағалауға жағдай жасаған. Ресми мәлімет бойынша, бұл шешім жүктің шекарадан өту жылдамдығын 30%-ға арттырып, тасымалдаушылардың кезекте күту уақытын 10 есеге қысқартқан. Бұл Қазақстан үшін жай ғана технологиялық жаңалық емес. Елдің транзиттік әлеуеті неғұрлым жоғары болған сайын, шекарадағы әрбір артық сағат бизнес үшін қосымша шығынға айналады. Сондықтан цифрлықлогистика Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.  
 
Мемлекеттік аппараттың өзі өзгереді  
 
Digital Qazaqstan-ның ең үлкен өзгерісі азаматқа көрсетілетін қызметтерде ғана емес, мемлекеттің ішкі жұмысында болуы мүмкін. Үкімет мемлекеттік аппаратта жасанды интеллектіні қолдануға басымдық беріп отыр. Бұл құжаттарды талдау, деректерді өңдеу, процестерді автоматтандыру және басқарушылық шешімдерді қолдау сияқты бағыттарды қамтиды. Бір қарағанда, бұл бюрократияны қысқартудың техникалық құралы сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде оның әсері әлдеқайда кең. Егер бірқатар стандартты операцияларды алгоритм атқаратын болса, мемлекеттік қызметшінің уақыты қағазбастылыққа емес, күрделі мәселелерді шешуге жұмсалады.  
Бұл жерде мемлекеттік аппараттағы маманның құзыретіне де жаңа талап қойылады: дерекпен жұмыс істеу, цифрлық жүйелерді түсіну және AI берген нәтижені сыни тұрғыдан бағалау.  
 
Бірақ цифрландырудың басты сынағы — технология емес  
 
Қазақстанның 2029 жылға дейінгі жоспары ауқымды көрсеткіштермен өлшенеді: мемлекеттік қызмет көрсету уақытын 50%-ға қысқарту, білім алушылардың 80%-ын AI сауаттылығымен қамту, жоғары оқу орындары мен колледждердің 80%-ына AI енгізу, энергетика активтерінің 70%-ын цифрлық мониторингке қосу. Бұл көрсеткіштерге жету — бір мәселе. Ал цифрландырудың нақты сапасы — екінші мәселе. Өйткені цифрлық жүйенің болуы оның тиімді жұмыс істейтінін білдірмейді. Егер азамат бұрынғыдай бірнеше порталға кіріп, бірақпаратты бірнеше рет енгізуге мәжбүр болса, интерфейстің заманауи болғанынан нәтиже аз. Сол сияқты жасанды интеллект енгізілгенімен, соңғы шешім үшін жауапкершілік түсініксіз болса, технология сенім қалыптастырмайды. Сондықтан келесі үш жылдағы негізгі сұрақ «Қазақстанда қанша AI-жоба іске қосылды?» деген емес, «Бұл технология азаматтың уақытын, бизнес шығынын және мемлекеттің ресурсын қаншалықты үнемдеді?» деген сұрақ болуы тиіс.  
 
Қазақстан қандай модельге бет алып барады?  
 
Digital Qazaqstan-ның қазіргі бағытына қарасақ, Қазақстан цифрландырудың үшінші кезеңіне өтіпжатыр деуге болады. Бірінші кезең — мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру. Екінші кезең — түрлі ақпараттық жүйелерді біріктіру. Үшінші кезең — деректерге негізделген және жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін мемлекет құру. Бұл модельде азаматтың мемлекетпен қарым-қатынасы біртіндеп өзгереді. Адам қызмет іздеп жүйеге жүгінудің орнына, жүйе азаматтың қажеттілігін алдын ала анықтап, қызмет ұсынуға көшеді. Көлікте алгоритм жолдағы тәуекелді алдынала байқайды. Энергетикада жабдықтың ақауын апатқа дейін анықтауға тырысады. Медицинада деректер дәрігердің шешімін қолдайды. Білім беруде AI мұғалім мен студенттің күнделікті құралына айналады. Ал мемлекеттік аппаратта алгоритмдер күнделікті қайталанатын жұмыстың бір бөлігін өз мойнына алады. Сондықтан «мемлекет алгоритмдерге көшіп жатыр» деген ұғым енді футуристік болжам емес. Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ресми жоспарлары осы бағыттың нақты институционалдық негізі қалыптасып жатқанын көрсетеді. Бірақ технология қаншалықты дамығанымен, оның түпкі мақсаты өзгермеуі керек: цифрландыру азаматтың өмірін жеңілдетіп, қызмет сапасын арттырып, экономиканың өнімділігін көтеруі тиіс. Егер осы өлшем сақталса, Digital Qazaqstan жай ғана жаңа цифрлық платформалардың жиынтығы емес, мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгертетін басқару моделіне айналуы мүмкін.
Барлық жаңалық