Қазақстанда үш айдан астам уақыт бойы жұмыс істемеген азаматтар арнайы есепке алынады. Бұл талап 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Мәліметтер кейіннен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне беріледі. Бұл туралы Үкімет қаулысында жазылған, деп жазады Ozgeris.info.
Жаңа жүйе жеңілдігі бар азаматтарды нақты есепке алу және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында енгізіліп отыр. Осылайша мемлекет азаматтардың еңбек және әлеуметтік жағдайы туралы өзекті деректер базасын қалыптастырады.
Есепке тек қазақстандықтар ғана емес, шетел азаматтары, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері де алынады.
Тізімге жұмыссыз ретінде тіркелгендер, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін ата-аналар, І топтағы мүгедекке күтім жасайтын тұлғалар, зейнеткерлер мен ардагерлер кіреді.
Жұмыс істемейтін азаматтар туралы деректерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Отбасының цифрлық картасы», «Еңбек нарығы», «Зейнетақы мен жәрдемақы алушылар базасы» және «Төлемдерді өңдеу ұйымы» жүйелері арқылы жинайды.
Айта кетейік, Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Жүйе енгізілгелі бері денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы 2,5 есеге артқан.