Ұлттық Банк Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім болжамдық талдаулардың қорытындысына, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағаларына және инфляциялық тәуекелдердің жалпы балансына сүйеніп қабылданған, деп жазады Ozgeris.info.
Қазан айында жылдық инфляция 12,6% болып тіркелді. Бұл қыркүйектегі 12,9%-дан сәл төмен. Азық-түлік тауарларының бағасы 13,5%-ға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың құны 11%-ға өсті. Қызметтер бағасы 12,9%-ға дейін баяулады. Мұндай өзгеріс тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифінің әкімшілік реттелуіне байланысты. Ұлттық Банктің түсіндіруінше, жоғары инфляция елдегі сұраныстың ұсыныстан асып түсуінен қалыптасып отыр. Бұған қоса тарифтік реформаның және жанармай нарығын ырықтандырудың әсері бағаларға және инфляциялық күтулерге қосымша ықпал етуде.
Азық-түлік бағасы инфляцияның негізгі қозғаушысы болып тұр. Нарықтағы теңгерімсіздік пен импорттың қымбаттауы жағдайында баға өсуі жалғасуда. Сервистік инфляцияның үлесі азайғанымен, баға деңгейі әлі де жоғары. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында жанармай мен дәрі-дәрмек бағасы айтарлықтай өскен.
Қазан айында айлық инфляция 0,5%-ға дейін төмендеді, бірақ базалық инфляция 1% деңгейінде қалды. Бұл бір жылға шаққанда 12,2%-ға сәйкес келеді. Ұлттық Банктің мәліметінше, тұтыну қоржынындағы тауарлар мен қызметтердің 80%-ы 5% нысаннан жоғары қарқынмен қымбаттап отыр. Бұл баға қысымының әлі де тұрақты екенін және сұраныс тарапынан қолдау тапқанын көрсетеді.
Халықтың инфляциялық күтулері де жоғары деңгейде қалып отыр. Қазан айында бұл көрсеткіш 13,6%-ға жеткен. Қыркүйекте 13,2% болған еді. Ұзақ мерзімді күтулер де 14,3%-ға дейін артқан. Ұлттық Банк өкілдері мұндай үрдіс дезинфляция қарқынын тежеп, бағалардың шығын мен сұраныс өзгерісіне тәуелділігін арттыратынын айтады.
Сыртқы факторлар да әсерін тигізуде. Әлемде азық-түлік бағасы жоғары деңгейде сақталуда. Ресейде инфляция бәсеңдегенімен, 4% нысанадан айтарлықтай жоғары. Осыған байланысты олардың орталық банкі де қатаң риториканы сақтап отыр. АҚШ-тағы Федералдық резерв жүйесі де сақтық танытып, мөлшерлемені төмендетуге асықпай отыр. Еуропалық орталық банк те осы бағытты ұстануда. Сарапшылардың бағалауынша, алдағы уақытта ақша-кредит саясатын жеңілдету қарқыны баяулайды.
Болжамдық кезеңде Brent маркалы мұнай бағасы 1 баррель үшін 60 АҚШ доллары деңгейінде сақталады деп күтілуде.
Инфляция бойынша болжамдар қайта қаралды. 2025 жылы инфляция 12,0-13,0% аралығында, 2026 жылы 9,5-12,5%, ал 2027 жылы 5,5-7,5% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Ұлттық Банк мұны қазіргі инфляцияның жоспардан жоғары болуы және халықтың инфляциялық күтулерінің жоғары деңгейімен байланыстырады. Сонымен қатар, алдағы жылдары реттелетін бағалардың өсу қарқынының болжамдылығы ескерілді.
2026 жылғы болжам диапазонының кеңеюі салық реформасын жүзеге асыруға, сұраныстың өзгеруіне және квазибюджеттік сектордағы қаржыландыру көлемінің артуына байланысты. Үкіметтің мәліметінше, «Бәйтерек» холдингі арқылы экономикаға бағытталатын қаржы көлемі 2026 жылы 8 трлн теңгеге, яғни ІЖӨ-нің 4,4%-на жетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде инфляциялық қысымды күшейтіп, жоспарланған фискалдық шоғырландыру әсерін әлсіретуі ықтимал.
Экономикалық өсу бойынша да жаңа болжамдар ұсынылды. 2025 жылы ІЖӨ өсімі 6,0-6,5% деңгейінде болады деп күтіледі. Бұл мұнай өндірудің артуымен және тұтынушылық пен инвестициялық сұраныстың күшеюімен түсіндіріледі. 2026 жылы өсу қарқыны 3,5-4,5%-ға дейін баяулайды, себебі салық-бюджет реформасы мен шығыстарды қысқарту шаралары ішкі сұранысқа әсер етеді. 2027 жылы экономика 4,0–5,0% деңгейінде өседі деп болжанып отыр.
«Қазір ішкі сұраныстың орнықтылығы мен импорттың артуы бюджет және ақша-кредит саясатын үйлестірудің маңызын арттырып отыр», деп түсіндірді Ұлттық Банкте.
Осы мақсатта Үкімет, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен бағдарлама қабылдаған. Бағдарлама сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті жоюға, бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға, азаматтардың нақты табысын көбейтуге бағытталған. Сонымен қатар, инфляцияны төмендетіп, экономикада тұрақты өсімге қол жеткізуді көздейді.
Ұлттық Банк қазіргі қатаң ақша-кредит жағдайын сақтай отырып, тұтынушылық несиелеуге сұранысты азайту шараларын жалғастырмақ.
«Бұл шешім инфляцияны біртіндеп төмендетіп, бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жоғары инфляциялық күтулер мен тарифтік реформаның кейінге қалдырылған әсерін ескере отырып, 2026 жылдың бірінші жартысына дейін базалық мөлшерлемені төмендету мүмкін болмайды», делінген хабарламада.
Егер инфляцияның тұрақты төмендеуі байқалмаса, ақша-кредит саясаты одан әрі қатаңдатылуы мүмкін. Толық ақпарат 2025 жылғы 3 желтоқсанда жарияланатын Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында берілмек. Ал базалық мөлшерлеме жөніндегі келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 23 қаңтарда сағат 12:00-де жарияланады.