Түркістан қаласындағы жекеменшік мектептердің бірінде оқитын 11 сынып оқушылары Айсұлтан Жаңбырбай мен Жасур Нышанбаев Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары нәтиже — 140 ұпай жинады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, екі оқушы да бір сыныпта білім алған, бірдей бейіндік пәндерді таңдаған және болашақ мамандықтары да ұқсас.
— Түлектер ҰБТ-да дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі пәндерін таңдаған. Сонымен қатар, халықаралық IELTS емтиханынан 6,5 балл иеленген, — делінген Түркістан облысы білім басқармасы таратқан ақпаратта.
Жасур Нышанбаев — Түркістан қаласының тұрғыны. Ол қаңтар айындағы алғашқы ҰБТ-да 120 балл жинаса, наурыз айындағы тестілеуде нәтижесін 128 балға дейін көтерген. Ал мамыр айындағы негізгі тестілеуде үздіксіз дайындықтың нәтижесінде 140 баллға қол жеткізді.
Ал Айсұлтан Жаңбырбай Шымкент қаласынан арнайы келіп, мектеп жатақханасында тұрып білім алған. Ол қаңтардағы тестілеуде 125 балл, наурыз айында 128 балл жинап, әр кезең сайын нәтижесін жақсартып отырған. Нәтижесінде соңғы ҰБТ-да толық 140 ұпай иеленді.
Қос түлек те Maqsut Narikbayev University таңдаған. Олар болашақта аударма ісі мамандығы бойынша білім алып, халықаралық деңгейде қызмет етуді мақсат етеді.