💰 Экономика

Тоқаев биылдан бастап қалай өмір сүретінімізді айтты

Тоқаев биылдан бастап қалай өмір сүретінімізді айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында елдің алдағы жылдардағы бағыты, халықтың тұрмысы, салық, бизнес, тариф және технология мәселелері туралы кеңінен сөз қозғады. Мемлекет басшысы 2026 жыл мен одан кейінгі кезеңде Қазақстанды не күтіп тұрғанын ашық әрі қарапайым тілмен түсіндірді.

Президент ең алдымен қосылған құн салығына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеруді ұсынған. Алайда бұл шектің тым ауыр болатынын ескеріп, ол Үкіметке мөлшерді төмендету туралы нақты тапсырма берген. Президенттің сөзімен айтқанда, «қазіргі Үкімет ҚҚС 20 пайыз болсын деді, бірақ мен оны 4 тармаққа төмендетуді тапсырдым». Осы арқылы Мемлекет басшысы салық реформасы халықтың қалтасына салмақ салмауы керегін аңғартты.

Сұхбатта Тоқаев ақпарат кеңістігі туралы да пікір білдірді. Президент дәстүрлі баспасөзге ерекше құрметпен қарайтынын жасырмады. Оның айтуынша, газеттерден ол елге адал қызмет етіп жүрген, еңбегімен көзге түскен азаматтар туралы жиі оқиды. «Газеттерден мен Отанымыздың игілігі үшін адал еңбек етіп жүрген лайықты адамдар туралы көп ақпарат аламын» деді ол. Ал қазіргі таңда танымал TikTok, Instagram және Telegram арналары көбіне еңбек адамының шынайы мүддесін көрсете бермейтінін де ашық айтты.

Жаңа Салық кодексіне қатысты Президент Үкімет жұмысы қатаң бақылауда болатынын жеткізді. Бұл реформа қағаз жүзінде ғана қалмай, нақты нәтиже беруі тиіс. Мемлекет басшысы «Үкімет бұл тапсырманы қалай орындағанын біз осы жылы көреміз» деп нақты айтты.

Халықтың тұрмыстық тұрақтылығы туралы сөз болғанда Президент мәселені ашық қойды. Оның айтуынша, халықаралық сарапшылар Қазақстанды орта табыс деңгейіндегі елдердің қиын кезеңіне тап болды деп есептейді. Табыс бар сияқты көрінгенімен, ол инфляция мен күнделікті міндеттемелердің ішінде еріп кетеді. Президент «табыстар инфляцияға, ипотекаға, балалардың оқуына, ата аналарға көмек көрсетуге кетіп жатыр» деп атап өтті. Осындай жағдайда кез келген күтпеген жағдай, мысалы ауру немесе жұмыстан айырылу, отбасының бүкіл тұрақтылығына соққы болуы мүмкін екенін айтты.

Бизнеске қатысты ойында Президент негізгі кедергілерді жасырған жоқ. Оның айтуынша, қымбат несиелер мен айналым қаражатының тапшылығы кәсіпкерлерге кеңеюге мүмкіндік бермей отыр. Президент «қымбат кредиттер мен қаржының жетіспеуі бизнестің өсуіне кедергі келтіреді» деп нақты айтты.

Тариф пен баға тақырыбында Мемлекет басшысы көптен айтылмай жүрген шындықты қозғады. Оның айтуынша, Қазақстан арзан жанар жағармайды көрші елдерге көлеңкелі түрде жеткізетін елге айналып кеткен. Президент «еліміз арзан жанар жағармайдың көлеңкелі жеткізушісіне айналды» деді. Ол төмен тарифтер кедей халыққа пайдалы деген түсініктің жалған екенін атап өтті. Шын мәнінде бұл бай адамдарға жасырын қолдау болып отыр деді.

Сұхбатта Алматының болашағы да сөз болды. Президент қала әкімдігіне Алматыны тәулік бойы өмір сүретін қалаға айналдыруды тапсырғанын айтты. Оның сөзінше, «Алматы Нью Йорк, Мәскеу, Париж секілді ұйықтамайтын қала болуы керек». Бұл үшін инфрақұрылым, жарықтандыру, абаттандыру бағытында әлі де көп жұмыс атқарылуы тиіс екенін жеткізді.

Бизнес пен мемлекет арасындағы қарым қатынасқа тоқталған Президент ұлттық буржуазия ұғымына ерекше мән берді. Оның айтуынша, елге халық алдындағы жауапкершілігін түсінетін кәсіпкерлер қажет. Президент «елге өз жауапкершілігін мойындайтын ұлттық буржуазия керек» деді. Қоғамға пайда келтіру міндет емес, абыройлы борыш екенін де еске салды.

Сұхбат соңында Тоқаев технология тақырыбына тоқталды. Қазақстан жасанды интеллектіні экономика мен қоғамдық өмірге енгізуге бет алғанын айтты. Президент «Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берді» деп атап өтті. Мемлекеттік деректерді жинау мен талдау жұмысы қарқын алып келе жатқанын айтып, оны алдағы дәуірдің жаңа байлығы деп бағалады.

 

 

Барлық жаңалық