Теміртау маңынан екі ай бұрын жоғалып кеткен 38 жастағы Ирина Керннің бөлшектелген мәйіті табылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ирина Керн 20 қыркүйекте із-түзсіз жоғалған. Алдын ала мәлімет бойынша, сол күні ол күйеуімен жанжалдасып, үйден шығып кеткен. Марқұмның күйеуі оның үйден жиі кетіп қалатынын айтып, іздеу жұмыстарына да қатысқан. Кейіннен ер адамның әйелдің өліміне қатысы бар деген күдікке ілінгені белгілі болды.
Дененің бөлшектелген қалдықтары Теміртаудан 22 шақырым жердегі шипажай аумағынан табылған. Күдікті аталған мекемеде от жағушы болып жұмыс істеген. Марқұмның артында үш баласы қалды. Олардың ең кішісі – небәрі үш жаста.
Аталған дерек бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалып, 40 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, мәйітті қарау барысында зорлық-зомбылық белгілері анықталған. Қазір оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.