✅ Пайдалы

Техпаспорт жойылмайды: пәтер иелері нені білуі керек?

Техпаспорт жойылмайды: пәтер иелері нені білуі керек?

Соңғы күндері әлеуметтік желіде «пәтердің техникалық паспорты болмайды екен» деген сөз тарады. Көп адам алаңдап қалды. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы техпаспорттың жойылмайтынын, құжат бұрынғыдай қолданыста қала беретінін ресми түрде мәлімдеді.

Иә, кейінгі жылдары құжаттың атауы мен форматына қатысты өзгерістер болғаны рас. Бірақ бұл меншік иелеріне қосымша талап немесе жаңа міндет жүктемейді. Бұрын техникалық паспорт бірнеше рет жаңартылған. Бір кезеңде құжаттан иесінің аты жөні алынып тасталды. 2007 жылдан бастап балкон мен лоджия пәтердің жалпы аумағына қосылып есептеле бастады.

2023 жылдан бері техникалық паспорт «кадастрлық паспорт» деп аталады. Қазір мұндай құжат жаңа салынған үйлерге немесе техпаспорт жаңартылған жағдайда беріледі. Соған қарамастан, бұрын берілген барлық техникалық паспорттар заңды күшін сақтап отыр. Оларды жаппай ауыстырудың қажеті жоқ.

Атауы өзгергенімен, мазмұны өзгерген жоқ. Құжатта пәтер туралы негізгі техникалық деректер көрсетіледі. Мекенжайы, тіркеу коды, кадастрлық нөмірі, салынған жылы, қабат саны, жалпы және тұрғын аумағы, бөлмелердің саны мен көлемі, қабырға материалы жазылады. Сонымен қатар пәтердің жоспар схемасы және барлық үй жайлар көрсетілген кесте қоса беріледі.

Техпаспорт кез келген мәміле үшін керек негізгі құжаттың бірі. Сатып алу сату кезінде, ипотека рәсімдегенде немесе пәтерді сыйға тартқанда онсыз келісім жасалмайды. Сондықтан құжаттағы мәлімет пәтердің нақты жағдайына сәйкес болуы маңызды.

Ал құжатты қашан жаңарту қажет. Егер пәтерде қайта жоспарлау жасалса, деректерден қате табылса, пәтер біріктірілсе немесе бөлінсе, сондай ақ ипотекалық мәміле алдында банк талап қойса, техпаспортты жаңарту керек. Ал ешқандай өзгеріс болмаса және ипотека жоспарланбаса, құжатты ауыстырудың қажеті жоқ.

Жаңарту үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе eGov порталы арқылы өтініш беруге болады. Алдымен нысанға техникалық тексеру жүргізіледі. Маманды шақырудың бастапқы құны 4 617 теңге. Қалған төлем пәтердің көлемі мен күрделілігіне қарай есептеледі. Дайын құжатты ХҚКО арқылы немесе eGov жүйесіндегі жеке кабинеттен алуға болады.

 

Барлық жаңалық