✅ Пайдалы

«Тегін акция» дегенге сеніп, 18,6 млн теңгесінен айырылды

«Тегін акция» дегенге сеніп, 18,6 млн теңгесінен айырылды

Солтүстік Қазақстан облысында болған оқиға көпшілікке ой салуы керек. Сырт көзге алаяқтардың тәсілі қарапайым. Бірақ оңай ақша мен тез табысқа деген үміт талай адамды қателікке ұрындырып жатыр. Бұл жолы бір әйел 2 айдың ішінде 18,6 млн теңгесін аударып жіберген, деп жазады Ozgeris.info «Қаржылық сауат» телеграм-арнасына сілтеме жасап. 

Оқиға былай өрбіген. Әйел әдеттегідей Instagram қарап отырған. Сол кезде алдынан банк атынан «тегін акцияға» қатысып, табыс табуға болады деген жарнама шығады. Жарнамада арнайы сілтеме берілген. Әйел сілтемеге кіріп, телефон нөмірін қалдырады. Осыдан кейін бәрі жылдам жалғасады.

Көп ұзамай Telegram арқылы «аналитик» байланысқа шығады. Өзін маман ретінде таныстырады. Әйелдің сеніміне кіру үшін сөйлесіп, бағыт-бағдар береді. Тіпті оның телефонына өзінің мобильді қосымшасын орнатқызады. Барлығы заңды сияқты көрінеді.

Алғашында әйел «акцияға» 25 мың теңге салады. Осы жерде алаяқтың шеберлігі байқалады. Біраз уақыттан кейін «міне, сенің пайдаң» деп 11 мың теңгені қайтарады. Әйел алғашқы «пайдасын» көріп, шынымен табыс тауып жатырмын деп ойлайды. Дәл осы сәтте ол «қармақ ұшында» қалғанын сезбей қалады.

Содан кейін «көп салсаң, көбірек табыс табасың» дегенге сенеді. Қызды-қыздымен eGov-тағы несиеге қойылған тыйымды алып тастайды. Банктерден қарыз алады. Туыстарынан да ақша сұрайды. Осылайша 2 айдың ішінде 18,6 млн теңгені әлгі «инвестицияға» аударады. Алданғанын тек осы ақпан айында ғана түсінген.

Полиция оқиғаның ізін суытпай, Қостанай қаласының 25 жастағы жігітін ұстаған. Ол «дроппердің» рөлін атқарған. Яғни әйелден түскен ақшаны өз картасына қабылдап, оны криптовалютаға айналдырып, негізгі алаяқтарға жіберіп отырған. Өзінше жеңіл табысқа балаған. Бірақ ақыры оның анасы шығынға батты. Жәбірленушіге 18,6 млн теңгені өз қалтасынан қайтарып берген. Бұл туралы дерек polisia.kz сайтында жарияланған.

«Қаржылық сауат» телеграм-арнасының айтуынша, бұл жағдай көпшілікке сабақ болуы керек. Біріншіден, «инвестиция» деген атпен жүретін схемалардан сақтану қажет. Мұндай алаяқтар адамның психологиясын шебер қолданады. Алдымен аз ақша салдырады. Кейін «пайдаң» деп өз ақшаңның бір бөлігін қайтарады. Адам «шын екен» деп сеніп қалады. Содан кейін жиған-тергенін өз еркімен бере бастайды. Себебі оның санасында «мен байып жатырмын» деген иллюзия пайда болады.

Мұндай «инвестиция» схемасы басқа табыс көздеріне қарағанда апталап, айлап жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде алаяқтар адамның сенімін нығайтып, көп ақша салуға көндіреді.

Екіншіден, дроппер болудың салдары ауыр екенін әлі де көп адам толық түсінбейді. Қазір заң бойынша картаңды жалға беру – қылмыс. Оңай олжаға кенелем деп ойлау қауіпті. Карта арқылы жасалған барлық операцияның ізі қалады. Ақыры ұсталады. Ақыры жауап береді.

Бұл оқиға – тек бір отбасының емес, қоғамның мәселесі. Сондықтан мұндай жазбаны жақындарға, әсіресе үлкен кісілерге жіберіп қойған жөн. Сақ жүрсін. Оңай ақша деген ұғым жоқ. Бар. Бірақ оның артында көбіне тұзақ тұрады.

Барлық жаңалық