Қазақстанда пойыздарда жоғары жылдамдықтағы интернет енгізу жұмыстары жалғасуда. Жоба спутниктік технологиялар негізінде жүзеге асырылып жатыр деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қазіргі таңда интернет Talgo пойыздарында екі негізгі бағытта жұмыс істейді: Астана — Алматы және Астана — Өскемен. Байланыс төмен орбиталы спутниктер арқылы қамтамасыз етіледі.
Бұл технологияның ерекшелігі — интернет сигнал жердегі байланыс мұнараларына тәуелді емес. Соның арқасында пойыз жоғары жылдамдықпен қозғалғанда да тұрақты байланыс сақталады.
Жоба аясында жолаушыларға 100 Мбит/с дейінгі жылдамдықтағы интернет қолжетімді. Бұл мессенджерлерді, видеосервистерді және басқа да цифрлық қызметтерді толық пайдалануға мүмкіндік береді.
Алғашында жоба 2025 жылдың қаңтарында Астана — Алматы бағыты бойынша пилот ретінде іске қосылған. Кейін сұраныстың жоғары болуына байланысты басқа бағыттарға да кеңейтілген.
Министрлік мәліметінше, жоба халықаралық технологиялық компаниялар мен қазақстандық байланыс операторларының қатысуымен жүзеге асырылуда.