Цифрлық дәуірде баланы экраннан толық алыстату мүмкін емес. Мәселе телефонды мүлде бермеуде емес, баланың қолына қандай мазмұн түсіп жатқанында. Бұрын ата-ана баланың қандай кітап оқып, қандай мультфильм көретінін бақыласа, қазір бұл міндетті алгоритмдер атқарып отыр. Ал алгоритмнің мақсаты – тәрбиелеу емес, баланың назарын мүмкіндігінше ұзақ ұстап қалу, деп жазады Ozgeris.info.
Сондықтан бүгінгі ең өзекті сұрақтың бірі мынау: технология балаға зиян ба, әлде дұрыс қолданылса, дамудың жаңа құралы ма Халықаралық зерттеулер бұл мәселеге біржақты қарауға болмайтынын көрсетеді. UNICEF Innocenti 2025 жылғы есебінде балалардың цифрлық ортадағы өмірі олардың білім алуына, әлеуметтік байланысына және цифрлық дағдысына әсер ететінін, бірақ теңсіздікті де күшейтуі мүмкін екенін атап өтеді. Яғни, технологияның өзі емес, оның сапасы, қолжетімділігі және қолдану мәдениеті шешуші рөл атқарады. 
OECD 2025 жылғы есебінде балаларды цифрлық ортадан қорғап қана қоймай, оны саналы әрі пайдалы қолдануға үйрету қажет екенін айтады. Бұл жерде негізгі ұғым – digital well-being, яғни, баланың цифрлық ортадағы амандығы. Ол тек экран уақытымен өлшенбейді. Баланың не көріп отырғаны, кіммен байланысатыны, қандай дағды қалыптастыратыны және экраннан кейінгі мінез-құлқы маңызды. Қазақстанда да осы бағыттағы ізденіс күшейіп келеді. Қазақ тілін үйрететін, логиканы дамытатын, математика мен бағдарламалауды ойын арқылы меңгертетін стартаптар көбейді. Жақсы үрдіс. Өйткені бала бәрібір цифрлық кеңістікте өмір сүреді. Ендеше сол кеңістікте ұлттық тіл, ойлау мәдениеті, таным, логика болуы керек.
Бірінші бағыт – тіл үйрететін қосымшалар. Баланың ойлауы ана тіліндегі сөздік қорымен, дыбысты ажыратуымен, сөйлем құрауымен тікелей байланысты. Қазақ тілін үйретуге арналған «Soyle.kz», «Bala.soyle.kz» секілді платформалар осы қажеттіліктен туған. Мұндай жобалар әліпби, дыбыс, сөз, сөйлемді ойын элементтері арқылы үйретеді. Әсіресе балабақша жасындағы балалар үшін көрнекілік пен дыбыстың қатар берілуі маңызды. Бұл жерде «тілдік орта» деген ұғымды ескеру керек. Қосымша баланың тілін бірден шығарып жібермейді. Ол ата-ананың сөйлесуі, кітап оқу, тірі қарым-қатынас арқылы ғана толық нәтиже береді. Бірақ қазақша сапалы контент аз ортада мұндай құралдар баланың тілдік қабылдауын күшейте алады.
Осы қатарда «QazaQsha» жобасының орны бөлек. Жоба авторлары баланың әріп, бейне, дыбыс арқылы сөзді есте сақтауына мән берген. Пазл элементі арқылы бала әріпті жануармен немесе затпен сәйкестендіреді, содан кейін бейне қозғалып, дыбыс шығады. Бұл жерде бала тек экранға қарап отырмайды, салыстырады, таңдайды, есте сақтайды. Жобаның авторы Қызғалдақ Байтаңатқызы бұл бастаманың себебін қазақ тіліндегі интерактивті материалдардың аздығымен байланыстырады. Оның айтуынша, мақсат – қазақ тілін балаға міндет емес, ойын түріндегі қызық тәжірибе ретінде ұсыну.
Екінші маңызды бағыт – математика мен логика. Қазір білім беру саласында gamification, яғни ойындандыру тәсілі кең тарады. Ұпай жинау, деңгейден өту, марапат алу, тапсырманы кезең-кезеңімен орындау – баланың қызығушылығын арттыратын әдістер. Бірақ мұның да шегі бар. Егер қосымша баланы тек «дұрыс жауапты тап» деген механикаға үйретсе, ол терең ойлауды дамытпауы мүмкін. Ал егер балаға қателесуге, қайта көруге, салыстыруға мүмкіндік берсе, онда ол нағыз таным құралына айналады.

Отандық «Qalan» платформасы осы бағыттағы жобалардың бірі ретінде аталады. Мұнда математика ойын форматында беріледі. Мұндай тәсіл әсіресе есептен қорқатын, математиканы ауыр пән деп қабылдайтын балаларға пайдалы. Себебі бала алдымен қорқынышты емес, қызығушылықты сезінеді. Үшінші бағыт – бағдарламалау және цифрлық ойлау. Бағдарламалау тек код жазу емес. Ол – мәселені бөліктерге бөлу, себеп-салдарды көру, қадаммен ойлау, қате тапса, оны түзету. Бала блоктық кодтау арқылы алгоритм құруды үйренсе, бұл оның логикалық ойлауына әсер етеді.

Осы тұрғыдан «CodiPlay» секілді жобалардың маңызы бар. Балалар Scratch және блоктық кодтау арқылы бағдарламалау негізін меңгереді. Мұндай қосымшалардың құндылығы – баланы дайын контент тұтынушы емес, шағын өнім жасаушы деңгейіне көтеруінде. Төртінші бағыт – ұлттық таным мен мәдени мазмұн. «Менің Қазақстаным», «Жеті қазына» секілді қосымшалар балаларға ел тарихы, дәстүр, мәдениет туралы ақпарат береді. Бұл да маңызды. Өйткені цифрлық ортада бала тек шетелдік мультфильм мен ойынның тұтынушысы болып қалмауы керек. Оның экранында қазақша сөз, қазақша кейіпкер, қазақша ұғым болуы қажет.
Алайда «дамытушы қосымша» деген атау автоматты түрде қауіпсіздік кепілі емес. UNESCO-ның технология және білім туралы есебінде білім технологиялары пайдалы құрал бола алатыны айтылғанымен, дербес деректердің қорғалуы, бақылаусыз қолдану және коммерциялық мүдде сияқты қауіптер де көрсетіледі. Бір талдауда пандемия кезінде балаларға ұсынылған 163 EdTech өнімнің 89 пайызы балаларды оқу уақытынан тыс кезде де бақылауы мүмкін екені айтылған.
Америкалық педиатрия академиясы 2026 жылғы жаңа ұсынымдарында экран уақытына ғана емес, child-centered design, яғни бала мүддесіне негізделген дизайнға назар аудару керек екенін айтады. Бұл – қосымша баланы ұзақ ұстап отыру үшін емес, оның дамуына, қауіпсіздігіне, эмоциялық саулығына қызмет етуі керек деген сөз. Сондықтан ата-ана үшін басты өлшем мынадай болуы тиіс: қосымша балаға не үйретеді, қандай тілде сөйлейді, жарнама бар ма, баланың дерегін жинай ма, оны ұзақ уақыт экранда ұстап қалуға тырыса ма, әлде нақты білімдік мақсатқа қызмет ете ме?
Баланы цифрлық ортадан оқшаулау – шешім емес. Бірақ оны экранға жалғыз қалдыру да дұрыс емес. Ең тиімді жол – бірге таңдау, бірге көру, бірге талқылау. Бала қосымшадан жаңа сөз үйренсе, ата-ана оны күнделікті өмірде қолдануы керек. Логикалық ойын ойнаса, неге сол жауапты таңдағанын сұраған жөн. Бағдарламалау үйренсе, жасаған жобасын түсіндіруге мүмкіндік беру қажет. Сонда ғана смартфон баланы жұтатын құрал емес, ойлауын дамытатын ортаға айналады.
Қазіргі отандық стартаптардың басты миссиясы да осы болуы керек: баланы экранға байлау емес, экран арқылы ойландыру. Қазақ тілінде сөйлейтін, логикасын дамытатын, ұлттық танымын кеңейтетін, қауіпсіз әрі сапалы цифрлық өнімдер көбейсе, бұл тек EdTech нарығының емес, тұтас ұлттың болашағына салынған инвестиция болмақ.