Бас прокуратура мен Интерпол қызметкерлері Грузия аумағында жасырынған қазақстандықты елге қайтарды. Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асқан бұл шара коррупцияға күдікті азаматты жауапқа тарту мақсатында қолға алынды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек ер адам қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін тәртіп сақшысына пара берген. Ол заңсыз сыйақы арқылы өзіне тиесілі тай массажы салонының жұмысына полицияның кедергі келтірмеуін көздеген. Өз мақсатына жету үшін заңды аттап өткен күдікті оқиғадан соң ізін суытып үлгерген. Соның салдарынан оған халықаралық іздеу жарияланды.
Биылғы наурыз айында қашқын азамат Грузияның Рустави қаласында қолға түсті. Қазақстанның Бас прокуратурасы жіберген арнайы сұраныс негізінде ол туған жеріне жеткізілді. Қазіргі таңда күдікті уақытша тергеу изоляторында отыр.
Егер оның кінәсі толық дәлелденсе мүлкі тәркіленіп жеті жылға дейін темір торға қамалуы мүмкін. Заң алдында жауап беретін сәт жақындап қалды.