Кейінгі уақытта қоғамда базалық мөлшерлеме, теңге бағамы және шетелдік инвесторлар туралы пікірталас жиілеп кетті. Әсіресе әлеуметтік желілерде «қарапайым халықтың ақшасы шетелдіктердің пайдасына жұмыс істеп жатыр» деген пікір жиі айтылады. Бұған теңгедегі жоғары табыстылық пен Қазaқстан нарығына келетін қысқа мерзімді капитал себеп болып отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Сарапшылардың айтуынша, мәселені эмоциямен емес, экономикалық логика тұрғысынан қарастыру маңызды. Экономист Руслан Сұлтанов шетелдік инвесторлар халықтың қалтасындағы ақшаны тікелей алып жатқан жоқ екенін айтады.
«Адамдар шетелдіктер біздің ақшадан пайда көріп жатыр деп ойлайды. Бірақ олар халықтың қалтасындағы ақшаны алып жатқан жоқ. Шетелдік инвесторлар жоғары табыс үшін Қазақстанның теңгелік қаржы құралдарына ақша салады. Бұл – халықаралық нарықтағы қалыпты тәжірибе, оны carry trade деп атайды. Мұндай капитал теңгеге уақытша қолдау беруі мүмкін. Бірақ бұл ұзақмерзімді инвестиция емес. Егер тәуекел күшейсе немесе мөлшерлеме төмендесе, олар тез кетіп қалады. Сондықтан негізгі мәселе – шетелдік инвесторларда емес, біздің экономиканың жоғары мөлшерлемеге тәуелді болып қалуында», дейді экономист Руслан Сұлтанов.
Carry trade – халықаралық қаржы нарығында кең тараған құбылыс. Инвесторлар пайыздық мөлшерлемесі төмен елдерден арзан қаржы тартып, табыстылығы жоғары нарықтарға инвестиция салады. Қазақстанда базалық мөлшерлеме жоғары болғандықтан, теңгелік активтер шетелдік капитал үшін тартымды көрінеді. Мұндай капиталдың келуі белгілі бір кезеңде ұлттық валютаға да қолдау береді. Өйткені инвесторлар теңгелік құралдарды сатып алу үшін ұлттық валютаға сұраныс қалыптастырады. Бұл теңгенің күрт әлсіреуіне тосқауыл болуы мүмкін. Сонымен қатар импорт бағасының шектен тыс қымбаттауын да белгілі бір деңгейде баяулатады.
Алайда экономистер қысқа мерзімді капиталға тым тәуелді болудың қаупі де жоғары екенін айтады. Себебі мұндай қаржы ел экономикасына ұзақмерзімді өндірістік инвестиция ретінде келмейді. Яғни, олар зауыт ашып, жаңа жұмыс орнын құрып немесе өндірісті дамыту үшін емес, жоғары табыс табу үшін кіреді.
Нарықтағы жағдай өзгеріп, девальвация қаупі күшейсе немесе базалық мөлшерлеме төмендесе, мұндай капитал елден тез шығып кетуі мүмкін. Ал бұл теңгеге қысымды күшейтіп, валюта нарығындағы тұрақсыздықты арттырады.
«Қазіргі жағдайда базалық мөлшерлемеге шамадан тыс көп міндет жүктелген. Ол инфляцияны тежеуге, теңгені ұстап тұруға, ішкі сұранысты салқындатуға және капитал тартуға қатар пайдаланылып отыр. Бірақ ақша-несие саясаты экономиканың барлық әлсіз тұсын жалғыз өзі шеше алмайды. Қазақстан экономикасының басты мәселелерінің бірі – мұнайға және импортқа тәуелділік. Экспорт құрылымының басым бөлігі шикізаттан тұратындықтан, әлемдік нарықтағы кез келген өзгеріс ұлттық валютаға әсер етеді. Мұндай жағдайда Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін жоғары мөлшерлемені ұзақ уақыт сақтауға мәжбүр болады», дейді экономист.
Жоғары мөлшерлеменің қарапайым халыққа әсері де аз емес. Несие қымбаттайды, кәсіпкерлер үшін қаржы тарту қиындайды, бизнес шығыны өседі. Соның салдарынан экономикалық белсенділік баяулап, халық табысының өсу қарқыны тежеледі. Демек мәселенің түпкі шешімі қысқа мерзімді капитал тартуда емес, экономиканы күшейтуде жатыр. Ол үшін өндірісті дамыту, шикізаттық емес экспортты ұлғайту, шағын және орта бизнесті қолдау маңызды.
Себебі экономика нақты өндіріс пен еңбекке сүйенген кезде ғана қаржы нарығындағы құбылмалы капитал ағындарына тәуелділік азаяды. Ал тұрақты экономика – тек жоғары мөлшерлемеге емес, мықты өндіріс пен әртараптанған нарыққа негізделетін жүйе.