Жаңалықтар

Синоптиктер 27–29 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды

Синоптиктер 27–29 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды

Синоптиктер Қазақстанда жыл соңындағы соңғы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты 27 желтоқсанда елдің шығысында, 27–29 желтоқсан аралығында батыс өңірлерде, 29 желтоқсанда солтүстік-батыс, солтүстік және орталық аймақтарда қар жауып, боран соғады. Кей өңірлерде көктайғақ болып, жел күшейеді. Ал оңтүстік өңірлерде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі.

 

Синоптиктердің болжамынша, 27 желтоқсанда шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарда, 28 желтоқсанда батыс өңірлерде қалың қар жаууы ықтимал. Республика бойынша тұман түседі.

 

Температуралық фон да өзгереді. Солтүстік-батыс, солтүстік және орталық аймақтарда түнде ауа температурасы -10…-18 градусқа дейін төмендеп, күндіз 0…-8 градус шамасында болады. Шығыс өңірлерде түнде -15…-20, күндіз -5…-10 градус күтіледі. Оңтүстік аймақтарда түнгі температура 0…+5 градус болса, таулы өңірлерде түнде -5…-10, күндіз +5…+15 градусқа дейін жылынып, тауларда күндіз -4…+1 градус шамасында болады.

 

Мамандар жолға шығатын азаматтарға ауа райының қолайсыздығын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.

Барлық жаңалық