Қазақстанда студенттердің киім үлгісіне қатысты қатаң мемлекеттік ереже жоқ. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкіметтегі брифингте айтты, деп жазады Ozgeris.info.
Министрге бұл сұрақ Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан университетінде болған даудан кейін қойылды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада бірнеше студент қыздар шортимен оқу орнына кірмек болғанда, күзет қызметкерлері олардың жолын бөгеп, «сырт келбетіне байланысты» ішке кіргізбегені түсірілген.
Саясат Нұрбек бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, ең алдымен университеттің ішкі ережесін және күзетшінің әрекетін анықтап алу керегін айтты.
«Жоғары білім ашық әрі демократиялық жүйе. Қатаң дресс-код енгізу біздің мақсатымыз емес. Әрине, оқу орны – қоғамдық орын, бірақ бұл студенттердің өзін еркін сезінуіне кедергі болмауы керек», деді ол.
Министр өз студенттік өмірінен мысал да келтірді:
«АҚШ-та оқығанда да, кейін елге оралған соң да шортимен жүрген кездерім болды. Тіпті, Еуразия университетінде жүргенімде кей әріптестерім әзілдеп, «қараңыздар, Американнан келген» деп айтатын», деп еске алды Нұрбек.
Оның айтуынша, жалпы мемлекеттік деңгейде студенттердің киіміне қатысты шектеу жоқ. Дегенмен әрбір университет өз ішкі тәртібін бекіте алады.
«Университеттерде белгілі бір стандарттар болуы мүмкін. Бірақ ол студенттердің жеке еркіндігі мен оқу үдерісіне кедергі келтірмеуі тиіс. Бұл оқиға бойынша біз қосымша мәлімет жинап, қорытындысын жариялаймыз», деді министр.
Бұл жағдай қоғамда үлкен талқылау тудырды. Әлеуметтік желілерде пікір екіге бөлінді: бір тарап жастардың киімі – олардың жеке таңдауы деп санаса, екінші тарап білім ордасында белгілі бір ұстаным мен әдеп сақталуы керек деп есептейді.
Айта кетейік, мұндай дау алғаш рет болып отырған жоқ. Биыл мамыр айында Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бірінші курс студент қыздарға арналған жиында «қыздардың қоғамда және ер адамдармен қалай дұрыс қарым-қатынас жасауы» туралы бейнеролик көрсетілген. Онда қыздарға ашық киім кимеу, дауысты көтермеу және ер адамдармен кездескенде арнайы сәлем беру қажеттігі айтылған. Бұл да қоғамда қызу талқыға түскен еді.
Студенттердің киіміне қатысты талаптар ресми заңмен бекітілмегенімен, бұл тақырып Қазақстанда әлі де қызу пікірталас тудырып отыр.