Роза Әлқожа қоғамды дүр сілкіндірген мәселеге қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ол көпшіліктің өзінен пікір сұрағанын жасырмады.
“Сіз неге барни жайлы үндемедіңіз?” депті бір оқырман.
Не дейін?
Әдетте әңгіме бәрі біткенде ғана айтылады, ашылады. Ал, сол халде жүрген қаншама қыз-келіншек бар. Торға түскен торғайдай, “келінді күң қылады күте алмағанның” күйін кешіп жүр. Кетейін десе “кел” дейтін анасы жоқ. Ата-ананың абыройы, аға-бауырдың намысы деп іштей тұншығады.
Салт деп, дәстүр деп бар жүкті қызға-келінге, әйелге-анаға артып қойған қоғам еркекке неге артпайды осынша жүкті?!
Ағайынның татулығын, жанұяның берекесін, ата-ананың жағдайын, баланың қамын неге әйел ғана ойлау керек?
Үйдің тірлігін, барды жеткізуді, айналаны таза ұстауды неге бір келін ғана мойнына алу керек? Әуелде құлдыққа сатылып па еді?!, деді ол.
Әнші бұл мәселенің шығу төркіні әлде қайда тереңде екенін жаза кетті.
"Жазайын десең сөз көп. Айтсаң ар жағы ақтарылып кете ме деп аузыңды ашпайсың. Әйтпесе әндетпек түгілі, зар дастан айтуға бармыз.
Үндемегенге сүмелек, жасырғанға жасық деп қалмаңыздар. Сұрайтын адам болмаған соң да ішімізде. Күйбеңнің қамытын бәр келінге артып қойып, қызықтап отыратын бұл азаптар алаңы емес. Оның да арманы бар, қалауы бар, көңілі бар. Оның да жүйкесі бар, ашуы бар, адам деген аты бар, Алланың аманаты жекеменшік емес. Сүйегінің сұрауы бар, затының тегі бар.
Тек, “жұрты қалар баламның көшіп көрсем” деп босағасын тастай алмай жүр…
Отбасы деген - жауапкершілік.
Әуелде шамасы келмейтін балаға келін алмау керек. Жараспаса жіберу керек. Ол да біреудің аялап баққан баласы. Шешесінің етегін жібермейтін еркек көп. Ананы сыйлау әйелді жығып беру емес. Есею керек ерлерге. Отбасының тізгінін ұстай алмаған Отанды қалай қорғайды?!", деп түйіндеді өнер иесі.