Украина президенті Владимир Зеленский балаларға арналған «Маша мен Медведь» анимациялық сериалын жасаушыларға қарсы санкция енгізді. Бұл туралы тиісті жарлық Украина мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланды,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Шектеулер «Маша мен Медведь» жобасын шығарған «Анимаккорд» студиясына және ресейлік бес азаматқа, соның ішінде студияның негізін қалаушы әрі бас директорына, сценарий авторына және туындының құқық иеленушісіне қатысты енгізілді.
Украина президентінің сайтында хабарланғандай, бұл мультсериал «балалар контенті астында жасырылған ресейшіл нарративтерді» тарататындықтан, елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Бұл шешім мультсериалды Украина аймағында көрсетуге ресми түрде тыйым салуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сол күні кеште Зеленский Ресей Федерациясына қарсы санкциялар туралы Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің шешімін күшіне енгізетін тағы үш жарлыққа қол қойды. Бұл шектеулер РФ әскери-өнеркәсіптік кешенінің кәсіпорындарына, ресейлік шенеуніктерге, жеке тұлғаларға, сондай-ақ Олег Дерипасканың «Русал» тобына кіретін компанияларға бағытталған.