Жаңалықтар

Цифрлық серпіліс: Қазақстандағы ШОБ өңір көшбасшыларының қатарына енді

Цифрлық серпіліс: Қазақстандағы ШОБ өңір көшбасшыларының қатарына енді

Қазақстан шағын және орта бизнестегі төлемдерді цифрландыру деңгейі бойынша өңірдегі жетекші елдердің біріне айналды. Кәсіпкерлердің 85%-ы онлайн төлемдерді пайдаланады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты POVestka телеграм арнасына сілтеме жасап.

Mastercard SME Confidence Index 2026 зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандық ШОБ субъектілерінің 47%-ы негізінен қолма-қол ақшасыз төлем қабылдайды және қолма-қол ақшамен жұмыс істеуден біртіндеп бас тартып келеді. Кәсіпорындардың жартысынан астамы омниканалды модельге көшкен. Яғни тұтынушылар бизнеспен офлайн және онлайн форматта қатар байланыса алады.

Mastercard SME Confidence Index 2026 зерттеуі Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі шағын және орта бизнестің басымдықтары мен даму перспективаларын бағалауға арналған. Зерттеуге Қазақстаннан бөлек Түркия, Әзербайжан, Мысыр, Марокко және басқа да мемлекеттердегі кәсіпкерлер қатысқан.

Қазақстандық кәсіпкерлер болашаққа сеніммен қарайды. Сауалнамаға қатысқандардың 50%-ы алдағы бір жылдағы жағдайды оң бағаласа, 47%-ы табысының одан әрі өсетінін күтеді. Зерттеуде қазақстандық ШОБ компанияларының кірісі 2025 жылы 46%-ға артқаны көрсетілген.

«Қазақстан бүгінде өңірдегі технологиялық тұрғыдан ең дамыған нарықтардың бірі. Шағын және орта бизнестің онлайн төлемдерді пайдалану деңгейі 85%-ға жетті. Бұл кәсіпкерлердің жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге дайын екенін көрсетеді. Сонымен қатар зерттеу дамудың келесі кезеңі төлемдерді цифрландырумен ғана емес, адами капиталды дамыту, бизнестің тиімділігін арттыру және заманауи қаржы құралдарын енгізумен байланысты екенін көрсетті. Mastercard кәсіпкерлерге қауіпсіз төлем шешімдерін, инновациялар мен серіктестік бағдарламаларды ұсына отырып, олардың өсуіне және тұрақтылығын нығайтуға көмектесуге ұмтылады», – деді Mastercard компаниясының Қазақстан және Орталық Азиядағы бас директоры Санжар Жамалов.

Зерттеу кәсіпкерлердің дамуына кедергі келтіретін негізгі мәселелерді де анықтады. ШОБ өкілдерінің 32%-ы білікті мамандардың тапшылығын ең күрделі проблема деп атаған. Осыған байланысты компаниялардың 65%-ы қызметкерлерді оқыту мен олардың біліктілігін арттыруды бизнестің өсуіне ықпал ететін ең перспективалы бағыт деп санайды.

Қазақстандағы төлем нарығының цифрлану деңгейі жоғары болғанымен, бизнес шығындарын басқаруды автоматтандыру бағытында әлі де айтарлықтай мүмкіндік бар. Кәсіпорындардың 58%-ы шығындарды ашық есепке алып, талдауға мүмкіндік беретін бизнес-карталарды пайдаланбайды.

Зерттеу авторларының пікірінше, қазақстандық ШОБ дамуының келесі кезеңінде адами капиталға инвестиция салу, қаржылық басқаруды автоматтандыру және заманауи цифрлық құралдарды кеңінен енгізу шешуші рөл атқарады.

Барлық жаңалық