2026 жылдың басында шағын тірлікпен күн көріп отырған кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салық амнистиясы жарияланады, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл дегеніміз бұрын жиналып қалған салық қарызы бар микро және шағын бизнес иелеріне жеңілдік беріледі деген сөз. Негізгі мақсат кәсіпкерді қыспақтан босатып, жаңа жылды қарызсыз бастауына мүмкіндік жасау.
Амнистия 2026 жылға дейін қалыптасқан салық берешегіне қатысты болады. Егер кәсіпкердің мемлекетке негізгі салық қарызы болса, сол соманы төлеген жағдайда оған есептелген айыппұл мен өсімпұл түгел кешіріледі. Бұған қоса жыл басында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында тіркелген айыппұлдар да амнистияға кіреді. Яғни кәсіпкер тек негізгі қарызын жабады, қалған жүктен босайды.
Бұл жеңілдік кез келген уақытта емес, нақты мерзімде ғана беріледі. Амнистия 2026 жылдың 1 қаңтары мен 31 наурызы аралығында күшінде болады. Осы уақыт ішінде негізгі қарызды толық өтеу қажет. Сонда айыппұл мен өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Қосымша қағаз жинап, арыз жазудың керегі жоқ. Барлығы электронды жүйе арқылы өздігінен жасалады.
Бұл шешімнің мәнін Қаржы вице министрі Әсет Тұрысов қарапайым тілмен түсіндірді. Ол бұл бастаманың бизнеске нақты демеу екенін айтады.
«Салық амнистиясы кәсіпкерлерге жаңа салықтық кезеңге қарызсыз өтуге жол ашады. Бұл қаржылық тәртіпті нығайтады, есеп жүргізуді жеңілдетеді. Мыңдаған микро және шағын кәсіпкер үшін бұл шын мәнінде тыныс алуға мүмкіндік», дейді ол.
Мемлекет жаңа талаптарға бірден бейімделу қиын екенін де ескеріп отыр. Сондықтан Ұлттық тауарлар каталогындағы кодтардың болмауына байланысты сынақ кезеңінде ешқандай бұғаттау немесе санкция қолданылмайды. Бұл да кәсіпкердің сабырмен жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Айта кетейік, желтоқсан айының басында Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларына қатысты кәсіпкерлердің өтініштерін мұқият қарауды тапсырған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес Үкімет пен Атамекен палатасы жаңа талаптарды кәсіпкерге ауыртпалық салмай енгізуі керек.