Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі қазақстандықтардың елге оралуына қатысты жағдайды бақылауға алды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл туралы министрлік өкілі Жанболат Үсенов Telegram-арнасында мәлімдеді. Оның айтуынша, шетелдегі қазақстандықтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – министрліктің басты міндеттерінің бірі. Ресейдегі қазақстандықтардың туыстарынан көмек сұраған бірнеше өтініш келіп түскен.
Министрлік азаматтар туралы ақпаратты БАҚ арқылы емес, олардың өздерінен немесе туыстарынан тікелей алудың маңызды екенін атап өтті. Осы мақсатта арнайы жедел желі жұмыс істеп тұр.
Көмек көрсету үшін азаматтың аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері және еңбек шарты туралы ақпарат қажет.
Сондай-ақ қазақстандықтарды елге қайтару бойынша Ресей тарапымен консультациялар жалғасып жатқаны хабарланды.